Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Микро және шағын бизнеске «таза парақ» қағидаты енгізіледі

Микро және шағын бизнеске «таза парақ» қағидаты енгізіледі

Қазақстанда микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты «таза парақ» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.

Тиісті құжат жобалары 2026 жылғы 12 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылып, ақпан айының басында күшіне енеді деп күтіледі.

Үкіметтің мәліметінше, бұл шешім кәсіпкерлікке түсетін әкімшілік және салықтық жүктемені азайтуға бағытталған. 2025 жылғы 17 желтоқсанда қабылданған шешімге сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілерін тарату мен қызметін тоқтату қағидалары, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қалыптасқан және 1 сәуірге дейін өтелген салық берешектері бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару тәртібі бекітіледі. Бұған ҚҚС бойынша тіркеуге кеш тұрғаны үшін салынған айыппұлдар да кіреді.

Сонымен қатар 2025 жылғы 17 желтоқсанға дейін тапсырылған және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдеріне қатысты есептіліктер бойынша камералдық бақылау жүргізілмейді. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін жоспарлы салықтық тексерулер де тоқтатылады. Алайда қылмыстық іс жүргізу аясындағы, прокуратура талабы немесе кәсіпкердің өз өтінішімен жүргізілетін тексерулер бұл шектеуге жатпайды.

Бұдан бөлек, микро және шағын бизнес субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасаған мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы сот талап-арыздарын беру уақытша тоқтатылады. Құқық қорғау органдарының материалдары негізінде қозғалған істер бұл тізімге кірмейді.

2026 жылдан бастап ҚҚС бойынша тіркеуге тұрмағаны немесе салықтық есептілікті уақытында тапсырмағаны үшін микро және шағын бизнеске қатысты әкімшілік істер қозғау да тоқтатылады.

Үкіметтің атап өтуінше, «таза парақ» қағидаты шағын бизнестің салықтық реформаларға бейімделуіне жағдай жасап, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Қаржы министрлігі 2026 жыл бойы микро және шағын бизнеске өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемеу мәселесін қосымша пысықтап жатыр.

Ұқсас материалдар