Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев Астанадағы жиында бой көрсетті
Нұр-Сұлтан. 9 маусым. 7kun.kz - Бүгін Астанада шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысқан жиынға ірі трансұлттық компаниялардың, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.
Сондай-ақ, жиынға Қазақстанның Үкімет мүшелері, түрлі ұйымдардың басшылары да қатысты. Олардың бірқатары Ақорда фотографының нысанасына ілінген. Олардың арасында «Атамекен» ҰКП президиум төрағасы, еліміздегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев та отыр. Оның жиынға қандай лауазымда қатысқаны белгісіз.
Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары мен туыстары қызметінен босатылып, кейбірі өз еркімен лауызыммен қоштасқаны белгілі. Қазіргі кезде олардың көпшілігі шетелде деседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елде. Соңғы рет экс-президенттің референдумда дауыс берген видеосы тарады.
Ал Тимур Құлыбаев «Қаңтар оқиғасынан» бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуінде бой көрсеткені болмаса, қайда екені белгісіз болған. Ол туралы соңғы жаңалықтар «Атамекен» ҰКП басшылығынан кеткен кезде шыққан.