
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Air Liquide корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бірлескен кәсіпорны – «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) базасында салынатын сутегі қондырғысының құрылыс барысын талқылады. Жобаны іске асыру аймақ үшін стратегиялық маңызға ие және қысқы дизель отынын өндіру үшін зауытты сутегімен қамтамасыз етуге бағытталған.
1902 жылы құрылған Air Liquide компаниясы өнеркәсіптік газдар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі болып табылады. Ол 73 елде бар және Total, ExxonMobil, Shell, BASF, Chevron сияқты және тағы да басқа ірі энергетикалық корпорациялармен серіктес.
– Құны 101,8 млн еуро болатын жоба «Жасыл дәліз» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Ол жоғары энергетикалық тиімділік пен шығарындылардың ең төменгі деңгейін қамтамасыз ететін бу риформинг технологиясына негізделген, – деді «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС бас директоры Орчун Бакыр.
Жобаның ерекшелігі – Air Liquide мамандары әзірлеген бутан-бутилен фракциясынан сутекті алудың инновациялық әдісі – First of Its Kind бірегей технологиясын енгізу. Бұл шешім аймақтағы табиғи газдың шектеулі қорына байланысты қабылданды.
Капсула салу рәсімі 2025 жылдың шілде айында Air Liquide тобының вице-президенті Эмили Муран-Ренуардың сапары аясында өтеді. Құрылысты 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру кезеңінде 192 маман, пайдалануға берілгеннен кейін 25 тұрақты қызметкер жұмыс істейтін болады.