Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясы тұрақты дамып келеді.
Жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында кооперативтер саны 2019 жылғы 2 840-тан 2024 жылы 4 465-ке дейін өсіп, 1,5 есе артты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, кооперацияны дамыту үшін фермерлерге мемлекеттік қолдауға тең қолжетімділік, салықтық жеңілдіктер, жер бөлу кезінде қосымша ұпай беру және білім тарату орталықтары арқылы оқыту шаралары енгізілген.
2023 жылдан бастап іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының бизнес-жобалары 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығында 7 жылға дейін жеңілдетілген несиемен қаржыландырылуда. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау талаптары жеңілдетілді.
Сонымен қатар 2029 жылға дейін кооперацияны дамытуды ынталандыру жоспары бекітілді. Құжат кооперативтерді оқыту, агросүйемелдеу, үздік тәжірибелерді тарату және фермерлерге түсіндіру жұмыстарын қамтиды.
Биылғы қыркүйектен бастап «Аграрлық несиелік корпорация» желісі арқылы асырау алаңдарына айналым қаражатын 5% мөлшерлемемен 12 айға дейін толықтыру бағдарламасы іске қосылады. Ал мал шаруашылығын дамыту аясында несиелерді кепілдендіру тетігін енгізу және несие мерзімін 15 айға дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі кооперацияны дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.





