Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мақсат Халық: Адамдар қатты зәру болған соң несие алады, қаржылық сауат та төмен

Мақсат Халық: Адамдар қатты зәру болған соң несие алады, қаржылық сауат та төмен

Елде тұтынушылық несие алатындар саны әлі де көп. Базалық мөлшерлеме артқан күннің өзінде, кредитке сұраныс азайған жоқ. Қазан айындағы дерек бойынша, отандастарымыз 13 трлн теңге тұтынушылық несие рәсімдеген. Ел арасында қарызын кредит алып жабатын азаматтар бар. Қаржылық жағдайын осылай қиындатып алғандар бұл тығырықтан қалай шығады? Несиені қай кезде алған дұрыс? Кредит рәсімдеу кезінде неге мән беру керек? Бұл сұрақтарға  Fingramota.kz жобасының FinPodcast подкастына белгілі экономист, «Sana Business Academy» директоры Мақсат Халық жауап берді.

– Мақсат мырза, несиенің қандай түрлері бар?

Несиенің түрі көп. Тұтынушылық, бизнеске арналған, ипотекалық, мемлекетттік, лизингтік, автонесие. Біздің қоғамда ең көп тарағаны – тұтынушылық және ипотекалық несие. Халық алдымен баспана алғысы келеді дегендей. Сондай-ақ, бизнеске арналған несие сұранысқа ие. Дегенмен, біздің нарықта бизнестен гөрі тұтынушылыққа беріліп жатқан несие көп. Содан болса керек, президент те сұхбаттарында осыған баса назар аударып «Несиенің үштен екі бөлігі тұтынушылыққа, аз ғана пайызы нақты экономика секторына беріліп жатыр» деген-ді. Негізінде керісінше болуы керек.

Дамыған мемлекеттерде бизнес үшін несие көп беріледі. Мекеме жұмысшылардың еңбекақысын, сосын салығын, тіпті қажетті құрал-жабдықтарды алуын қамтамасыз етсе, бизнес те тоқтамайды. Экономиканың өсімді қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттырамыз десек, бизнеске көбірек несие беріліуі керек.

Осы жерде маңызды дүние – несие құралдары мен пайызы төмен болуы үшін елімізде өндірістік саясат жұрыс жүргізілуі қажет. Қазір теңге де құбылып тұр. Теңгенің тұрақты болуы – елдегі өндірістік саясаттың дұрыс жүргізілуімен тығыз байланысты. Егер өндіріс дамыса, теңге тұрақты, инфляция төмен болады, халықтың төлем қабілеттілігі сақталады. Бастапқыда байқалмауы мүмкін, бірақ төрт-бес жылдан кейін халықтың төлем қабілеті едәуір жақсарады.

– Сіз тілге тиек еткен несиенің ішінде сұранысқа ие түрі – тұтынушылық несие. 1 қазандағы жағдайға қарасақ, 13 трлн теңге тұтынушылық несие рәсімделіпті. Неге бұған сұраныс көп?

– Бұл сауалға екі жақты жауап берер едім. Бірінші, тұтынушылық несиеде бөліп төлеу деген құрал пайда болды. Сол құралды еркін пайдаланушылар көп. Бұл да тұтынушылық несиенің түрі. Адамдар «үстінен көп пайыз төлеп жатқан жоқпын» деп ойлайды. Бірақ банктің пайдасы сол тауардың ішінде тұрады. Соған қарамастан, халық қымбат тауарларды бөліп төлеумен алуға асығады. Дегенмен, бұл нарықты ынталандырып отыр. Екінші, азық-түлікке дейін бөліп төлеу несиесі бар.

Халықтың күнкөріс деңгейіндегі тауарлар «А» санатына жатады. Техникадан, басқа заттан бас тартуы мүмкін, бірақ азық-түлікті бәрібір алады. Сондықтан картамен бөліп төлеу мүмкіндігін пайдаланады. Тағы бір фактор – халықтың төлем қабілеті жағдайы.

Азаматтардың табысы неғұрлым төмен болған сайын, азық-түлік шығыны артады. Бұл шығын Ұлттық банктің деректерінде 60 пайыз делінеді. Шын мәнінде, 50 пайыздан асса, бұл халықтың кедейлігін көрсетеді. Демек, халықтың көбінесе азық-түлік сатып алып жатқандығының өзі табысының төмендігін белгілі бір дәрежеде айғақтайды. Сондықтан да тұтынушылық несие көп.

– Одан бөлек Қазақстанда қаржылық ұйымдардың цифрлық дамуы шетелдік банктерден кем түспейді, тіпті алда десек болады. Онлайн сауда жасау жеңілдеген заманда тұтынушылық несиені рәсімдеу кезінде неге мән беру керек?

– Мән беретін дүние көп. Бірінші, тұтынушылық несиені қанша пайызбен алып жатқаныңызды білу міндетті. Пайыздың өзі атаулы және тиімді пайыздық мөлшерлеме деп бөлінеді. Тиімді пайыздық мөлшерлеме қанша екенін нақты біліп алу керек. Комиссия да, кейбіреулер айтатын «жасырын пайыз» да осының ішінде. Сол кезде нақты қанша пайызбен алып жатқаныңызды білесіз. Банктер де базалық пайыз мөлшерлемесін төмендеуі мен өсуіне байланысты несие пайызын көтеріп немесе азайтып отырады. Міне, мейлінше тауарды несие пайызы төмен кезде алу керек. Соңғы жылдары базалық пайыз мөлшерлемесі жоғары болса, тұтынушылық несие пайызы 50 пайызға дейін көтерілді. Соған қарамастан тұрғындар несие алуды азайтқан жоқ.

Әлем елдерінде базалық пайыз өсіп жатқан кезде несиені көп алмайды. Бізде халық керісінше, несие алуды одан әрі үдеткен. Осы көрсеткішке қарап мынадай ой түюге болады. Бірінші, тұрғындар шын мәнінде қатты зәру болған соң несие алады, екінші – қаржы сауаттылығының төмендігі. Біздің халқымыздың табысы төмен дегенге дәлел. Халықтың табысын арттыру көп жағдайда үкіметтің еншісіндегі шаруа. Қазір дәрігерлер мен мұғалімдердің, мемлекеттік және мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсірді. Бірақ халықтың 60-70 пайызы жеке секторда жұмыс істейді. Олардың табысын кім арттырады?

Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көбейте берсе, онда мықты кадрлар сол жаққа ауысады. Тиісінше, кәсіпкерлер де нарықта күресу үшін өзіне қажетті кадрды алып қалу үшін олар да табысын көтеретін болады. Демек, үкімет те мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын жыл сайын өсіре бергені дұрыс. Екінші мәселе – азаматтардың қаржы сауаттылығын арттыру керек. Бұл бүгінгі күннің талабы. Жастарға мектеп жасынан бастап қаржы сауаттылығын үйрету керек. Қаржылай сауаты бар азамат несиені дұрыс рәсімдей алады, қандай депозитте ақша ұстауға болатынын біледі, қандай банкке сенуге немесе сенбеуге болатынын пайымдайды, қандай қаржы алаяқтарынан қорғану керек, жеке есепшотын қалай сақтап қалуға және қалай ұлғайтуға болатынын біліп шығады. Ал мектеп жасындағы балалар мұндай ақпаратты оп-оңай игере алады. Сондықтан қазақ қоғамының бәсекеге қабілетті болуын қаласақ, қаржы сауаттылығы мәселесін алдыңғы орынға қою керек. Соңғы кезде бұған технологиялық сауаттылық қосылды.

Қазіргі кезде халық бірден шағын несие беретін ұйымдарға жүгініп, жалақыға дейінгі несие рәсімдеп жатады. Осы дұрыс па? Жалақыға дейінгі несие алу кезінде нені ескеру керек?

– Азаматтар нақты пайызын есептеп алуы керек. Табысыңыз жете ме, жоқ па деген өлшемді де қараңыз. Қалай десек те, халықтың микроқаржы ұйымдарынан несие алуы жақсы үрдіс емес. Шын мәнінде, бұл қарыз қамытына әкеп соғады. Олардың пайызы банктерге қарағанда жоғары. Мейлінше, микроқаржы ұйымдарына жоламаған дұрыс. Сол сияқты банктен несие алар кезде де жан-жақты зерттеу қажет. Екінші, келісім-шартты мұқият оқып шығу керек. Мәселен, кей банкте «Несиеден 7 пайыз ұстап қаламыз» деп анық жазылады. Сондай-ақ, «Инфляция жағдайына байланысты банк пайызын қайта қарастыруы мүмкін» деген пункт болады. Соған мән беріп, егер ұнамаса ашып айту керек. Сіз ол шартқа қол қойсаңыз, банк қайта қаржыландырып жіберсе, несие пайызыңыз қайта өсіп кетуі ықтимал. Ең алдымен табыс деңгейіне қарап, әр отбасы кіріс-шығысын есептеп, реттеп отыру керек.

–  Соңғы деректе 1 млн 750 қазақстандықтың 90 күннен асып кеткен несиесі бар екен. Мұндай жағдайға тап болғандар не істеуі керек?

– Бұл статистика соңғы үш жылда қатты өсті. Үш жыл бұрын 500 мың делінсе, одан кейін 700 мың, сосын 1 млн 200 мың, енді 1 млн 750 мыңға жеткен. Сонда екі-үш жылда үш есеге өсіп кеткен. Шын мәнінде, бұл қазіргі жағдайдың күрделеніп бара жатқанының көрсеткіші. Яғни, тұрғындар алған несиесін төлей алмай жатқанына нақты дәлел. Бұл – қиын жағдай. Бұл сіздің табыс деңгейінде тығырыққа тірелгеніңізді білдіреді. Егер несиені төлей алмасаңыз, төлем уақыты 90 күннен асып кетсе, қаржылай жағдайыңыздың қиындағаны. Бұл кезде шығындарыңызбен жұмыс істеуге тура келеді.

Сұхбаттың толық нұсқасын FinGramota  Youtube арнасынан көре аласыздар. 


Ұқсас материалдар