Айбар Олжай: Кез келген ақпаратқа фактчекинг жасау керек. Ақпараттың 90%-ы жалған
Жалған ақпаратты қалай жылдам анықтауға болады? Оған фактчекинг жасаудың қыр-сыры қандай? Несие, депозит, сақтандыру өнімін таңдау кезінде неге мән беру керек? Осы тақырып аясындағы сауалдарға «FinPodcast» қонағы, белгілі PR маманы, қаржы, биржа, макроэкономика шолушысы Айбар Олжай жауап берді.
– Айбар, қазіргі заманда фактчекингтің маңызы арта түсті. Халық неліктен ақпараттың рас-өтірігін анықтауға терең мән беріп кетті?
– Бұл – өмірдің талабы. Қазір 100 пайыз ақпараттың 90 пайызы жалған болып шығуы мүмкін. Оның аражігін ажырату оңай емес. Бұл қарапайым адамдар тұрмақ, біз сияқты мамандарға да қиын. Өйткені, тура соған ұқсайтын сайттар сіз көрмей, байқамай қалатын бір белгісін салып жіберіп, дәл соның айнымас көшірмесін жасайды. Ешқандай ілік таппайсыз. Жалған сайттар доменнің бір әрпін артық енгізіп немесе бір таңбаны кириллицамен жазуы мүмкін. Оны тексеру де қиын. Kaspersky сияқты компанияның киберқауіпсіздікке байланысты үлкен томдығы болады. Бірақ оны қайсыбіріміз оқи береміз? Сондықтан сақ болып, өзіңіз білмейтін сайттарға көп кіре бермеңіз. Керексіз ақпаратты ашып, оқудың керегі жоқ. Ең қауіптісі – сілтемеге өту және жеке мәліметті бермеу.
– Өз басыңызда фейк-ақпаратты тексеруді қажет ететін жағдайлар болды ма?
– Мысалы, әлеуметтік желіде, басқа мессенджерлер, ватцаптан күнде хабарлама келіп жатады. Бұл ешқашан таусылмайды. Сіз оны тоқтата алмайсыз, оған қарсы күресе алмайсыз. Мұның бір амалы – ешқайсысын ашпау, бірден өшіріп тастау. Сосын мемлекеттік қызметкер, банк басшыларының атынан дауысы мен мимикасын жасанды интеллект арқылы келтіріп: «Қазақстан халқына жақсылық жасаймыз, 20 мыңнан бөліп береміз» деген бейнероликтер таратады. Бұған қарапайым адамдар сеніп қалады. Есіңізде болсын, ешқандай мемлекет, ешқандай банк адамдарға жайдан-жай ақша таратпайды. Осыған байланысты қандай да бір жаңалық шықса, бұл ресми ақпарат құралдарына жарияланады. Одан кейін сол мемлекеттік органның парақшасына, яғни Gov.kz сайтына кіріп фактчекинг жасай аласыз. Ал әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпараттың ешқайсына сенуге болмайды. Біз дипфейк дәуіріне аяқ бастық. Бұл үлкен катаклизм, соғыс, түсініспеушілік туғызуы мүмкін. Алаяқтар қашан да бізден бір саты алда жүреді. Қазір ешкім сізге тегін шелпек те бермейді. Керісінше, сізден тартып алуға ұмтылады.
– Ал қаржылық ақпараттарға қалай фактчекинг жасайсыз?
– Өте қарапайым жол – ресми сайтына кіремін. Кез келген банктен ақпарат келсе, ол сол қаржы ұйымынікі болмай шығады. Сол ақпарат олардың ресми сайтына шықпаса, бұл мен үшін – жалған ақпарат. Сондықтан верификацияға келсек, оның негізгі ақпараттық шлюзі – сайты. Егер ақпаратын ресми түрде танытқысы келсе, сайтына салуы керек. Сонда ғана ресми саналады. Ал банк ақпаратын әлеуметтік желі, арналары арқылы таратып жатса, бірақ ресми сайтына салмаса, оған қаржылай сауаты бар адам сенбейді. Сондықтан әрқашан консервативті жолды ұстану маңызды.
– Ақшасын көбейткісі келетін адамдар қаржылық өнімдерді қалай таңдауы керек?
– Қазір ең қорғалғаны – сақтандыру қоры бар банк депозиті. Банк депозитінің екі түрі бар. Бірі – қысқа мерзімге алып, қайта салу мүмкіндігі бар. Мұның пайызы төмендеу болады. Екіншісі – белгілі бір ұзақ мерзімге жинақтайсыз. Оның пайызы 2 пайызға жоғары. Егер қаржылық сауатыңыз болмаса, ақшаны мемлекет кепілдеме берген банк депозитіне жинаған дұрыс. Саласыз да, тыныш отырасыз. Ал ақша тез өссін десеңіз, капиталдандыруды қосып қойыңыз. Оның үстінен түскен пайыз ақырындап өсіп, еселене береді. Бірақ кей адамдар ақшасын салып, қайта алып жатады. Оған электронды әмиян ретінде қарайды. Алайда, бұл ақша жату керек, жұмыс істеуі тиіс. Егер депозиттен ай сайын ақша алып отырсаңыз, ол кезде желіне береді, бұл жағынан депозит ұтылады. Бұл – 16 пайыздық базалық депозит. Екіншісі, сауаты бар адамдарға арналған депозит. Бұған 20 пайыздан жоғары беруі мүмкін. Артық ақшасы барлар осыған салады. Себебі, олар үшін 3-4 пайыз да әжептәуір рөл ойнайды. Ал ең жоғары сатыдағы квалификациялық білімді инвесторлар тобы акция нарығында жүреді. Облигация мен акция арасында үлкен айырмашылық бар. Облигация – қарыз қағазы. Бұл депозитке ұқсайды. 200-300 млн теңгемен жүретіндер қаражатын әр банктің кепілдемесі емес, 100 пайыз кепілдігі бар облигацияға салады. Олар үшін банкке қарағанда, осы анағұрлым тиімді. Ал қарапайым халыққа банк облигациясы жарап тұр. Ең жоғары акция нарығындағылар ұтуы да, ұтылуы да ғажап емес. Оған ешкім кепіл бермейді. Өздерінің біліміне, инвестор кеңесіне, қаржылық анализге сүйеніп, шешім қабылдайды. Нәтижесінде айына 8 пайыз, жылына 30-35 пайыз пайда табуы мүмкін немесе керісінше.
– Қарапайым депозитті, несиенің өзін дұрыс түсінбейтін аудиторияға акция, облигация туралы бастапқы білімді беріп, «осы арқылы табыс табасыз» деп сол нарыққа итермелеген дұрыс па, бұрыс па?
– Бұл жерде мәселенің екі жағы бар. Кейбір адамды баурап алатындар болады. Олар белгілі бір адамдарға жол ашуы мүмкін. Біз біреулердің қаржылық сауатының төмендігінен алға кетіп бара жатқандарды да тоқтатып қоямыз. Дамыған батыс елдерінде заңды бұзбасаң болды. Бірақ олар сауатты деңгейге жетіп алған. Мұнда жеке адамды қадағалау, реттеу жұмыс істемейді. Біз оған әлі келген жоқпыз. Ал бізде бәрін коучтар үйретіп кетті. Міне, соларды тыңдайтын адамдармен жұмыс істеп «Астана қаржы орталығында, Қазақстан қор биржасында мемлекеттік биржаны түсіндіретін, ойын түрінде көрсететін курстары бар» деп айту керек. Бұл өзі эволюциялық процесс. Адам басында алаяққа алданады, акция сатып аламын деп аузы күйеді. Содан кейін жан-жақты таразылап, не осы салада қалады немесе «бұл менікі емес екен» деп біржола кетеді. Біз сол процеске енді қадам басып жатырмыз. Бұл баспалдақтан дамыған елдер баяғыда өтіп кеткен. АҚШ басынан өткізген «ұлы депрессия» кезінде суицид көп болды. Ал 40 жылдан кейін біздің бұл әңгіме тұрпайы естілуі мүмкін. Мысалы, 2020 жылы туғандар 40-қа келгенде өте сауатты, білікті болады. Сол кезде бұл мәселе өзінен өзі жойылады.
– Қаржылық компаниялардың заңды немесе заңсыз екенін қалай анықтауға болады?
– Бірінші, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында лицензиясы бар қаржы ұйымдарының тізімі бар. Бұл үш күн, апта сайын жаңарып тұрады. Екінші, Астана халықаралық қаржы орталығының сайтына кіріп, әр бөлімді қарап, реестрден зерттеу керек. Бұл өзі 15 минут қана уақыт алады. Қандай да бір белгілі қаржылық компания лицензиясын қағаз жүзінде көрсетсе де, күмәнмен қарап, верификация жасап, өкілетті органның сайтына кіріп тексеру қажет.
Сұхбаттың толық нұсқасын FinGramota Youtube арнасынан көре аласыздар.
Тегтер:
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Өткен 11 айда отандастарымыздың зейнетақы активтері 4,25 трлн теңгеден асты
- 28 желтоқсан, 2024