Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қашықтан оқыған ерекше баланың мектепке келуге құлшынысын оятқан Smart Class

Қашықтан оқыған ерекше баланың мектепке келуге құлшынысын оятқан Smart Class

Жасанды интеллектті орта білім саласында енгізудің ұлттық моделі ретінде іске қосылған «TopIQ: Smart Class 2.0» күллі бір сыныптың үлгерімін 32% дейін көтерді. Астананың №99 орта мектебіне биылғы сәуірде орнатылған цифрлық парталарға енді басқа да сынып оқушылары қызыға бастады.

 Болашақтың интеллектуалдық сыныбы – Smart Class жобасын TopIQ IT компаниясы мен «Алматыкітап баспасы» бірлесіп жүзеге асырды. 2026-жылғы сәуірде Қазақстанда тұңғыш рет – Астана қаласының Білім басқармасы және әкімдігі іріктеген № 99 орта мектебінде ұстаздың жұмыс панелі мен оқушының жеке партасын бір жүйеге тоғыстыратын теңдесі жоқ цифрлық сыныптың жемісі бірнеше мәселені бірден шешетінін көрсетті. Атап айтсақ, Smart Class мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2026-2029 жылдарға арналған орта білім саласына ЖИ-ді кеңінен енгізу туралы тапсырмасындағы балаға жеке білім алу механизмін құру, жеке бас дерегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бала денсаулығына зиян келтірмеу сияқты «Кешенді жоспардағы» маңызды талаптарды қамтиды.

– «TopIQ: Smart Class 2.0» – Қазақстанда мемлекеттік білім алу процесіне толыққанды интеграцияланған теңдесі жоқ цифрлық орта. Жасанды интеллектті орта білім саласына етене енгізетін инновациялық бұл сынып дүние жүзінде Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты озық технологияны орта білім жүйесіне әлдеқашан қолданған елдердің мектептерінде жұмыс істеп тұр. Бірінші кезекте оқу-ағарту саласындағы инклюзия мәселесін шешетін Smart Class барлық баланың мемлекеттен білім алуына теңдей жағдай жасайды, яғни сабақ барысында интеллектуалды трансформерді ерекше көңіл бөлуге мұқтаж бала да, басқа бала да бірдей қолдана алады, – дейді «Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Саймасаева.

Бір қарағанда отырып сабақ оқуға арналған әдеттегі партаны айналдырып жіберсе, алдыңызда – TopIQ оқу платформасы мен Qamqor атты ЖИ көмекші біріккен интерактивті цифрлық білім беруші трансформер. Озық жүйеде ұстаздың өз смартпанелі, смарттақта және бар. Оқушының жеке смартпартасы өзіне сай икемделеді: баланың оқу және жазу қарқынын, сабаққа қызығу деңгейі мен шаршау белгілерін сараптайды. Үй тапсырмасын орындау немесе қашықтан оқу процесі де TopIQ платформасының еншісінде, яғни Smart Class еліміздің алыс-жақын аймағындағы мектептер мен шағын жинақталған білім ошақтарының да сұранысын қамтиды. Енді Астана қаласының №99 орта мектебінің сынақтан өтіп жатқан 3-сыныбына басқа оқушылар қызығып жүргенін ұстаздар жасырған жоқ.

– Мектебімізге Smart Class орнатылғалы сынаққа қатысқан 3-сыныптың 25 оқушысының сабаққа деген ынтасы артты. Жалпы сыныптың үлгерімі орташа есеппен алғанда 32%-ға дейін жақсарды. Бәрінен де оқушыларымның ішінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін екі бала бар, соның біреуі қашықтан оқудан бас тартып, Smart Class ашылғалы мектепке келіп оқыды, күнде сабақтан қалмады. Бұған таң қалған баланың анасы, менің балама не істеп қойдыңдар деп қуанғаннан күлген еді. Біз әр оқушының қалай өзгеретініне мұқият мән береміз: мысалы ерекше оқушымның біреуі бұрын сурет салғанда күңгірт түстерді ғана қолданатын. Қазір баланың суреті өмірдің ашық жарқын түстерімен алмасты. Жасыратыны жоқ, цифрлық білім беру жүйесінің балаға осынша әсер еретініне туған балаңа қуанғандай боласың, – дейді №99 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Найманғазинова.

 Дәстүрлі һәм цифрлық форматта білім алуды біріктіретін Smart Class көрсеткен нәтижені түйіндеу үшін, TopIQ IT компаниясы мен «Алматыкітап баспасы» оқу жылының аяқталуын күтті. Халықаралық бала құқығын қорғау күнімен тұспа-тұс келген қорытынды білім саласындағы өзекті мәселелер – барлық балаға білім алуға теңдей жағдай жасау, ерекше балалардың қоғаммен етене араласуы және оқушылардың жасанды интеллектті қолдану барысында жеке дерегін қорғау, омыртқасы қисайып кетпеуін, жүйке жүйесі мен көзіне зиян келмеуін қадағалау мәселелері шешілетінін көрсетті.

«TopIQ: Smart Class 2.0» жобасының идея авторы әрі жетекшісі – «Алматыкітап баспасы» Директорлар Кеңесінің Төрайымы. 

Екі айдағы сынақтың жағымды жаңалығын ата-анаға, жалпы қоғамға бөлісу мақсатында смартсыныпқа Қазақстанның танымал журналисті Гүлбану Әниятқызы және оның ән салғанды жақсы көретін ерекше баласы Айтұмар Сәрсенбек арнайы қонаққа шақырылды. Smart Class педагогі Айтұмардың диагнозына сай бағдарлама дайындап, өнерлі қызға мектеп оқушыларымен бірге сабақ өткізді.

«Алматыкітап баспасы» – отандық мектепке арналған оқулық, цифрлық платформа әзірлейтін және білім алу ортасын қалыптастыратын Қазақстанның үздік білім баспасы. TopIQ.kz платформасы баспаның экожүйесіне кіреді және 1 мен 11-сынып оқушыларын қамтиды.

Smart Class TopIQ.kz – заманауи цифрлық білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында жасанды интеллект технологиясын, отандық ағартушылық контент пен дәстүрлі педагогика ұстанымын бір арнаға тоғыстыратын TopIQ IT компаниясы мен «Алматыкітап баспасы» және Астана қаласының әкімдігі бірлесіп жүзеге асырған қанатқақты жоба.

Ұқсас материалдар