Криптовалюта арқылы есірткі кірістерін заңдастырған топтың ісі сотқа жолданды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымын ұйымдастыру және есірткі саудасынан түскен кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Тергеу дерегінше, бір жыл бойы кәсіби ақша жылыстатушылар тобы Binance платформасы арқылы криптовалюта айырбастау операцияларын жүргізген. Криптоәмияндар арқылы өткен жалпы қаржы айналымы 1,88 млрд теңгеден асқан.
Сонымен қатар күдіктілер Telegram желісіндегі «Fresh», «Butterfly», «CrystalOrganic», «Траутвайт НОН киви» және «SkittyShop» арналары арқылы есірткі сатудан түскен 603 млн теңгені заңдастырған.
Қылмыстық схемаға шетел азаматтарының атына рәсімделген дроп-карталардың ұйымдасқан желісі тартылған. Заңсыз табыс есебінен күдіктілер тұрғын үй мен пәтер, бес автокөлік сатып алып, отбасылық мейрамхана салған.
Сот санкциясымен аталған мүліктерге тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданып, екі күдікті қамауға алынды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері жария етілмейді.





