Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Маңғыстауға сапар: нені көрсе болады? Қанша керек?

Маңғыстауға сапар: нені көрсе болады? Қанша керек?

Алтай мен Каспийдің арасындағы ұлан асыр аумақты қамтитын қазақ жері өзінің көз тартар табиғатымен, тарихи ескерткіштерімен және ерекше сәулетімен талайды тамсандыратынына ешкім күмән келтірмесе керек. Сондықтан елімізге келетін туристер саны да жыл сайын өсіп келеді. Соңғы жылдары саяхатшыларды өзіндік ерекшеліктерімен қызықтыратын аймақтың бірі – Маңғыстау облысы.

Маңғыстаудағы туризмнің дамуы

Маңғыстау облысы –Қазақстанның оңтүстік-батысында, Каспий теңізін жағалай орналасқан еліміздегі көне және табиғаты жұмбақ орындардың бірі. Облыс аумағының көп бөлігін шөл алып жатыр.Алайда,  маңғаз Маңғыстау табиғатының жұмбақтығы сол,бұл мекеннен теңізді де, каньонды да, ойпатты да, құм менен үстіртті те  қатар көруге болады. Одан бөлек ашық аспан астындағы  табиғи, тарихи ескерткіштер де жетерлік. Сол себеп, осындай сұлулық пен құпиялылықты көзбен көру үшін дүниенің төрт бұрышынан  келетін туристтер көп.Бұл ауданда  барлығы 11 мыңға жуық ерекше археологиялық және тарихи ескерткіштер, сондай-ақ көптеген мешіттер мен ерекше құрылымдар бар.

Қазіргі таңда облыс мемлекет көлемінде кіру туризмі келушілерінің саны бойынша – 5 орында, ал ішкі туризм келушілерінің саны бойынша – 10 орында тұр.

Соңғы 5 жыл бойынша ұқсас уақыт аралығында облысқа келген келушілер саны (қаңтар-маусым айлары):

Жыл 2014 2015 2016 2017 2018
Ішкі туризм 67 771 73 163 67 978 72 899 93 664
Келу туризмі 13 357 24 998 12 547 14 245 13 928
Жылдық жалпы саны 174 486 176 068 192 081 205 904

*ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің ресми сайтынан алынды.

Бүгінде облыстың туристік әлеуетін арттыру үшін бірнеше жоба қолға алынған. Оған Елбасымыздың 2017 жылы ауданға екі рет арнайы іссапармен келуі де өз әсерін тигізді. Өңірде туризмді дамыту үшін, 2018 жылға Облыс әкімінің туризмді дамыту бойынша іс-қимыл жоспары әзірленіп, бекітілді. Каспий теңізі жағалауында қонақ үй кешендерін салу үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстары жүргізіліп, осы уақытқа дейін әрбіреуі 600-ден 700 млн теңгеге дейінгі 2 өтінім келіп түскен.

2018 жылдың соңына дейін «Нұр Капитал» кіші және орта бизнесті несиелеу бағдарламасы аясында бірнеше туристік жобалар жүзеге асырылатын болады.Сондай-ақ, 2023 жылға дейін туризм үшін инфрақұрылымды дамытуға 18,5 млрд теңге бағыттау, 32 жаңа қонақ үйлер мен демалыс базаларын салуға 20 млрд  теңге жеке инвестициялар тарту жоспарлануда. Бұл өз кезегінде, нөмірлік қорды 2857-ден 4357 нөмірге дейін ұлғайтуға, өңірге 600 мың туристерді тартуға, көрсетілген қызметтер көлемінің көрсеткішін 280 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді .

Қайда барса болады?

Маңғыстауға сапар шеккен  әрбір туристің  ең бірінші тұрақтайтын  жері ,ол әрине , Ақтау қаласы және Каспий теңізі жағалауы. Ақтау қаласы – Маңғыстау облысының орталығы. Ең қызығы, қала теңіз бен шөлейтті жерде  қатар орналасқан. Мұнда жыл сайын мыңдаған туристер Каспий теңізінің құмды жағажайларында демалу үшін келеді.

Облыс аумағындағы табиғи ескерткіштер әрдайым жұрт назарында. Маңғышлақ түбегі , Шерқала тауы, Шар шатқалы, Тамшалы шатқалы, Саура көлі , Үстірт үстірті және Қарақия ойысы секілді даланың өзі қашап салған таңғажайып көріністерді көру үшін де бұл өлкеге келуге болады. Бұл жерлердің құпияға толы ерекшеліктері таң қалдырмай қоймайды. Мәселен, Саура көлі үш қабатты тас қабырғамен қоршалған, су толтырылған жарты ыдысқа ұқсайды.Ғажабы сол, сынған ыдыстың жартысы Саурадан  500 шақырым жерде орналасқан.Ал Қарақия ойысы әлемдегі ең терең жерлердің бірі. Ол Дүниежүзілік теңіз деңгейінен 132 метр төмен орналасқан. Сондай-ақ, ойпат аномальды аймақ атанған. Бұл жерден ұшатын белгісіз объектілер көзге түскен-мыс.

Маңғыстау өңірінде  кие тұтып, зиярат ететін орындар да баршылық.Солардың ішіннен жерасты мешіттерін атап өтпеу мүмкін емес. Бекет-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата және  Сұлтан-апе мешіттеріне  басқа аудандар мен алыс-жақын шетелдерден адамдар ауруларына ем, жандарына дауа іздеп келеді. Өз уақытының құдіретті емшілері мен молдалары мекен еткен бұл орындардың қасиеті әлі де тарқамаған.Тіпті, емі жоқ аурудан айыққан адамдар да бар.

Кеңгі-баба трактісі мен Сисем-ата некрополі секілді аспан асты музейлері де туристердің жиі баратын орындары. Кеңгі-бабаның жасыл оазистік климаты мен Сисем-атадағы 1500-ға жуық археологиялық ескерткіштер өз алдына бөлек әлем.

Қанша қаражат керек?

Демалыс жоспарлауда туындайтын басты мәселе – жолға кететін қаражатты есептеу. Ақтау Қазақстандағы қымбат қалалар  қатарына кіреді. Сондықтан бұл жаққа келу ақысы айтарлықтай қымбат.Транспорт түрін өзіңіздің ыңғайыңызға қарай таңдайсыз, ол сіздің қаржыңыз бен межеленген жерден қаншалықты алыста болуыңызға байланысты.

Қалаға жеткеннен кейін тұрақты орын керек. Ақтауда қонақүйлер мен демалыс аймақтары көп. Қонақүйге таңдау түссе, онда екі адамға арналған нөмерде 1 күн түнеу үшін  7000 тг-ден  бастап 40 000 тг-ге дейін қаржы төлеу қажет болады. Ал демалыс аймақтарында отбасыңызбен демалу үшін тәулігіне 20 мың тг-ден 100 мың теңге көлемінда ақша жұмсайсыз. Сонымен қатар, демалыс аймақтары қаладан шет орналасқандықтан, оған баратын жол ақысын да білген дұрыс. Б ір жаққа қатынау құны – 2000 тг, ал ақылы демалыс аймақтарға кіру құны – 1000 тг. Дегенмен, Ақтауға келетін демалушылардың көбі пәтерлерді жалға алғанды жөн көреді. Ол күніне 15-20 долларға шығады.

Ендігі кезек демалысыңызды керемет сәттерге толы етіп өткізу. Ол үшін Каспийдің толқынында тербеліп, жағажайында дем алғанға не жетсін.Теңіз жағасында тегін және ақылы жағажайлар жетерлік. Егер таза әрі жағымды жерде демалғанды қаласаңыз ақылы жағажайды таңдағаныңыз жөн. Олардың бағасы 300 тг-ден 2000 тг-ге дейін жетеді.Оған қосымша, шезлонг пен шатырға 1000 тг, теңіз трамбайына отыру адам басына 1000 тг , гидроциклді 10 минутқа жалға алу 1500-5000 тг, 1 сағат яхтаның иесі болу үшін 35 000 тг төлеуіңіз қажет.

Ал, қаланың шетіне шығып, дала сұлулығымен табысуды қаласаңыз, табиғи, тарихи  ескерткіштерді тамашалағыңыз келсе, ең тиімдісі, арнайы гид жалдау немесе түрлі турлар мен экскурцияларға тіркелу.Оның бағасы күніне 15 мыңнан 150 мыңға дейін жетеді.

Сонымен, Маңғыстауда бір апта дем алу құны шамамен – 350 мың тг. мен 3млн тг аралығы. Қымбат болуы мүмкін. Бірақ, еліміздегі ерекше өңірді көру одан да қымбат әсер сыйлайды.

Ұқсас материалдар