Телефон алаяқтарынан сақ болыңыз немесе AnyDesk қосымшасы қалай жұмыс істейді
Қазақстан азаматтарына белгілі бір банктің қауіпсіздік қызметіненбіз немесе полициядан деп хабарласатын оқиғалар өте жиі кездеседі. Тіпті, кейбір адамдар сол алаяқтарға алданып, ірі көлемде шығынға ұшырап жататын жайттар болып жатыр. Осы ретте тұрғындар қитұрқы әрекеттерге алданбай, алаяқтарға жем болмай қалай тойтарыс беруге болатынын түсіндіреміз.
Олардың ең әуелі айтатын әңгімесі: жеке мәліметтеріңіз жария болыпты, соның алдын алу керек немесе сізге алаяқтар шабуыл жасап, атыңыздан қомақты сома несие рәсімдеуі мүмкін. Телефон арқылы хабарласып, миллиондаған теңгеге сіздің атыңыздан өтінім берілгенін жеткізеді. Абдырап қалған сізге «жанашыр» болып көрінетін қулар сіздің қаржыңызға зиян тимеу үшін қашықтан арнайы қорғаныш қызметін қосу керек деп айтады. Әдетте, банктің техникалық бөліміне қосамын деп айтады. Бұл – қалыптасқан үлгі.
Ал алаяқтықтың жуырда шыққан соңғы түрі арнайы қосымша арқылы жүзеге асады. Сізге қоңырау шалған қулар смартфондағы «Рlaу Market» болмаса «Aрр Stоre» арқылы жұмыс істейді. Олар сізге сонда барып, «қолдау» дегенді жазуды өтінеді. Сонда шыққан ішінде ақ төрт бұрышы бар қызыл түсті бағдарламаны орнатыңыз дейді. Ол - AnyDesk деген қосымша. Сол бағдарламаны алаяқтардың шабуылына қарсы құрал деп түсіндіреді қулар.
Бұның қауіпті қосымша екенін білмей, сізге хабарласқан «жанашырдың» барлық айтқанын бұлжытпай орындасаңыз, банктің шотыңыз босап, бөтен біреуге өз атыңыздан жаңадан несие рәсімдеп беруіңіз мүмкін. Дәл осындай қауіп туындайды. Себебі алаяқтар аталған қосымшаның көмегімен азаматтардың қолындағы гаджеттерге онлайн тіркеліп, ондағы банктік қосымшаға қосылып алады.
АnуDеsk деген қандай бағдарлама, оның басқа түрлері бар ма?
Аталған мобильді қосымша – азаматтардың гаджеттеріне алыстан онлайн қосылу және техкөмек жасау үшін арнайы ойлап шығарылған дұрыс бағдарлама. Бұл қосымшаны жасаған компания сайтында «Энидеск бес жүз миллионнан астам рет жүктелді және дүние жүзінде компаниялар мен қолданушылар қажетіне жаратуға болады» деген сипаттама бар. Оған қоса, дәл сол жерге «Алыстан қосылу арқылы алаяқ әрекеттерге қалай жем болмау керек» атты бөлік бар. Ол жерде кибершабуылдаушылар қолданушыларға хабарласып, Энидеск немесе басқа да осыған ұқсас бағдарламаларды пайдалану арқылы жеке мәліметтерін алып, ақша ұрлау, құпия сөздерді қолды қылуы мүмкін деген ескерту де жазылған. Сондықтан сіз танымайтын адам смартфонға кіріп аталған бағдарламаны көшіріп алыңыз және жүктеңіз десе, сақ болған жөн!
Алаяқтық былай жүзеге асуы мүмкін. "Зұлымдық жасаушылар хабарласып, сізге және қаржыңызға қауіп төніп тұр деп айтады. Өздері осы тұста қалай көмектесе алатынын да жеткізеді. Қулар ірі компаниялардың бірінде немесе банктердің бірінің қызметкері болып таныстыруы да ғажап емес. Ешқандай танысыңыздан, банктен телефон шалады деп күтпесеңіз, тұтқаны қоя салғаның жөн. Ешбір банк, ешқандай компания сізге хабарласып, телефонға немесе компьютерге бағдарлама орнатуды сұрамайды. Сізге ұсынған «жанашырлық» пен «көмекке» нанбаңыз. Энидесктің ресми сайтында осылай жазылған.
Қылмыскерлер сіздің депозиттегі, картадағы ақшаға қызығатыны анық. Қосымша арқылы сізге алыстан тіркелген бейтаныс біреу банктік деректерді, жасырын сөзді сұраса, олардың алаяқ екені айдан анық. Бұл жағдайда хабарласқан адамның айтқандарын еш орындамаңыз! Олар ақша төлеу керек деп айтуы да мүмкін. Себебі сіздің банктің шотыңызға жасалған шабуылды тойтардық, соның ақысын беріңіз деп айтуы да ғажап емес. Күтпеген қоңырауды дәл сол тұста үзіп, телефонды өшіре салған ең дұрыс әрекет.
Алыстан деректерге қол жеткізуші, оны бақылау мен қолданушыларды демеу үшін жасалған тағы бір қосымша – ТeamViewеr. Оның жұмыс істеу тәсілі де Энидеск сияқты. Ол қосымшаны орнатқаннан кейін де қаржысынан қағылатын адам қуларға өзінің деректерін, гаджетке қосылуға рұқсатын береді. Алаяқтар ол адамның құрылғысына алыстан қосылып алады.
Адамдардың көбі смартфонды немесе компьютерді қуат көзінен ажыратып, сөндіріп қойдым деп алыстан кіруді тоқтаттым деп ойлайды. Сол арқылы алаяқтар банктік деректерді ала алмайды деп қатты қателеседі. Бірақ қылмыскерлер әп сәтте өз құрбандарының жеке мәліметтерін жүктеп алып, басқа құрылғыға орнатып үлгереді. Демек, адамның телефон номері, құпия сөздері, пошта жәшігінің коды және басқа да байланыс деректері алаяқтардың қолына түседі. Сонымен қатар, алаяқтар өздері хабарласқан адамның құрылғысына өздеріне қажетті қосымшаларды орнатып алады. Ол бағдарламаның көмегімен түрлі пуш-хабарламалар мен смс кодтарды алып отырады. Ол – арнайы дайындалған шпион бағдарламалар.
Жеке деректеріңізді алаяқтар қолды қылса, қайтпек керек?
Аталған мобильді қосымша арқылы алаяқтар қолды қылған қаржыны қайтарып алу өте қиын, алайда барынша күш салып көру керек. Егер сіздер осындай жағдайға душар болсаңыз, міндетті түрде:
- ЭниДеск бағдарламасын және сол сияқты қосымша түрлерін құрылғылардан өшіріңіз. Өз бетіңізше телефондағы күмәнді бағдарламаларды тани алмасаңыз, білікті мамандарға тексертіңіз немесе құрылғыны бастапқы қалыпқа (зауыттық теңшеу) келтіріңіз.
- Сіз қызметін пайдаланатын банк бөлімшесіне қоңырау шалыңыз немесе барыңыз. Күмәнді әрекеттер мен ықтимал алаяқтық оқиға туралы айтыңыз. Құрылғыдағы төлемге қатысты қызметтерді бұғаттатыңыз.
- Полицияға хабар беріңіз.
Жеке бас мәліметтерді арам пиғылды адамдарға беріп қоймау үшін, олар қолды болмау үшін бірнеше қағиданы ескергеніңіз жөн:
№1 қағида. Еш уақытта танымайтын бөтен кісілерге гаджеттеріңізді ұстатпаңыз, қолына бермеңіз және телефоныңызға күмәнді қосымшаларды орнатпаңыз;
№2 қағида. Еш уақытта банктің онлайн қосымшасындағы құпия кодты және өзге де жеке деректерді, төлемге қатысты мәліметтерді бөтен адамға айтпаңыз.
№3 қағида. Үнемі қаржыға қатысты сауатыңызды жетілдіріп жүріңіз!