Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Абай облысында өңірдегі ең ірі ет өңдеу зауыты іске қосылады

Абай облысында өңірдегі ең ірі ет өңдеу зауыты іске қосылады
 Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Абай облысына сапары барысында мәлім болды.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айдарбек Сапаров сапар барысында Абай облысындағы аграрлық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Министр онда мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобалардың орындалу барысымен, сондай-ақ егін жинау жұмыстарының қарқынына назар аударды.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, аграрлық сектордағы мемлекеттік саясаттың басым бағыты – өнімді терең өңдеу мен оның қосылған құнын арттыруға бағытталған. Осы бағытта Абай облысының белсенділігі жоғары екеніне куә болдық», – деді Айдарбек Сапаров.

Министр «ARAI-EAST FOOD» кәсіпорнына барды. Бұл кәсіпорын «Халал» стандарты бойынша шұжық және ет деликатестері өнімдерін өндіруге мамандандырылған. Жылдық өндіріс қуаты – 1,8 мың тонна дайын өнім, сондай-ақ, 100-ден астам өнім түрлерін қамтиды.

Одан кейінгі нысан – «Eurasia Agro Semey» компаниясы да өңірдегі ірі жобалардың бірі – ет өңдеу зауытының құрылысын іске асырып жатыр. Бұл жоба болашақта толық өндірістік циклді қамтитын ет кластерінің өзегіне айналмақ.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 7,7 млрд теңге, оның ішінде 4,5 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату аясында бөлінбек. Құрылыс жұмыстары биыл басталды, қазіргі таңда металл конструкцияларын орнату жұмыстарының 70%-ы аяқталып, қажетті жабдықтар мен материалдардың жеткізушілері анықталған.

Болашақ ет комбинаты тәулігіне 70 бас ірі қара және 700 бас ұсақ малды союға арналған заманауи желілермен жабдықталады. Сонымен қатар тәулігіне 17 тонна өнім өндіретін шұжық және консерві цехтары жұмыс істейтін болады. Жалпы өндірістік қуаты жылына 11,4 мың тонна дайын өнімді қамтиды. Нысанды пайдалануға беру келесі жылдың тамыз айына жоспарланып отыр.

Сапар барысында министр «Приречное» агрофирмасына да барды. Бұл шаруашылық асыл тұқымды мал және өсімдік шаруашылықтарымен айналысады. Мұнда 2 900 бас ірі қара, 248 бас жылқы бар, сондай-ақ 1 860 гектар суармалы жер пайдаланылады.

Кәсіпорын базасында 14 мың тонна өнім сақтайтын көкөніс қоймасы жұмыс істейді. 2025-2026 жылдары инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын 10 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған.

Агрофирма асыл тұқымды мал зауыты және 1–3 репродукциялы картоп тұқымын өндіретін шаруашылық мәртебесіне ие. Мұнда Valley, Zimmatic және Reinke маркалы 28 суару жүйесі орнатылған.

Көкөніс алқаптарын аралау кезінде министр өндірістің ұйымдастырушылығы жоғары екенін және су ресурстарын тиімді пайдаланып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының айрықша назарының, Үкіметтің жүйелі қолдауының және ауқымды инвестициялардың арқасында соңғы екі жылда аграрлық сала шынайы даму кезеңіне көтерілді. Ауыл шаруашылығында 35 жылдан бері еңбек етіп келемін, мұндай кешенді қолдауды алғаш рет көріп отырмын», – деді агрофирманың бас директоры Мұхит Тұмабаев.

Ұқсас материалдар