Елордада заңсыз айналымдағы шығу тегі белгісіз ет өнімдеріне қарсы жүйелі жұмыстар жалғасуда.
«Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық шарасы аясында полиция сауда орындарында еттің заңды шығу тегін және ветеринариялық талаптарға сәйкестігін тексеруде.
Рейдтер кезінде антисанитариялық жағдайда мал сойылған, ветеринариялық бақылаусыз және құжатсыз сатылған жасырын цехтар анықталды. Нәтижесінде шамамен 3 мың тонна ет тәркіленіп, «Астана-Ветсервис» мамандары арқылы заңды түрде жойылды.
Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің бірінде заңсыз ет өңдеу және сақтау цехы табылды. Онда 60 бас мал, ет, тұяқтар мен жабдықтар тәркіленді. Қатысы бар тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Полиция азаматтарға ет сатып алғанда құжаттарға, ветеринариялық анықтамалар мен таңбалауға назар аударуды ескертеді. Рұқсатсыз өнімді өткізу заң бойынша жауапкершілікке әкеледі.





