Қазақстан Түркияның Джейхан портынан шикі мұнай экспортын ұлғайта алады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, мұның нәтижесінде Ресей арқылы шетел нарығыны шығып жатқан 80% мұнайдың көлемі азаюы мүмкін.
Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыры арқылы қазіргі таңда 1,5 миллион мұнай экспортталады. Енді бұл көрсеткіш жылына 20 миллион метрикалық тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Себебі Қазақстан өзінің көмірсутегі өндірісін арттырмақ, деп мәлімдеді қарашаның 25-де жасаған мәлімдемесінде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Дегенмен, ол Джейхан арқылы экспорттың қашан артатынын жөнінде әзірге мәлімет берген жоқ.
«Осы бағытта қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемін дамытуға және біртіндеп арттыруға біздің тарапымыздан да, әзербайжандық әріптестерімізден де қызығушылық бар», – деді Энергетика министрі.
Қазақстан шикі мұнайды Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін БТД-ға танкерлермен жеткізіп жатқаны белгілі.
Министрдің айтуынша, биыл Қазақстан 68,8 млн тонна мұнай экспорттайды, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыры арқылы Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портына 55,4 млн тонна мұнай жөнелтеді екен.
Сондай-ақ Қазақстан Атырау-Самара құбыры арқылы 8,6 миллион тонна, Каспий теңізімен 3,6 миллион тонна және Қытайға 1,1 миллион тонна мұнай экспорттайды.
Сатқалиевтің мәліметінше, Қазақстан биыл 88,4 миллион метрикалық тонна мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл – жоспарланған 90 миллион тоннадан біршама аздау көрсеткіш. Көлемнің кемуіне Қазақстанның ОПЕК+ алдындағы өндірісті қысқарту туралы міндеттемелерін орындауы әсер етсе керек.
Тағы бір айта кететін жайт, Қазақстаннан экспортталатын мұнай әлемдік ұсыныстың 1%-дан астамын қанағаттандырады. Ал 2026 жылдан бастап еліміз жылына 100 миллион тоннадан астам мұнай өндіруді жоспарлап отыр.
Бүгінгі сауда қорытындысына қарағанда, әлем нарығында мұнай бағасы өткен тәуліктегі сауда сессиясының қорытындысымен салыстырғанда біршама өсті. Бұған Израиль мен «Хезболла» атысты тоқтату туралы келісім жасап, осы «Хезболланы» қолдап отырған Иранға қарсы санкциялар күшейтілмейді деген болжам себепші.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 29 центке немесе 0,4%-ға қымбаттап, оның баррелінің құны 73,2 долларға жетсе, америкалық сұрыптың бағасы 26 центке немесе 0,38%-ға көтеріліп, 69,2 долларға саудаланған.