
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың банктерден ипотека рәсімдеу кезінде кездесіп жатқан қиындықтарына қатысты пікір білдірді.
Қазір әлеуметтік желілерде азаматтар ипотека ала алмай жатқанын, банктер бір айдан кейін қайта қаралатынын айтып, несие беруден бас тартатынын жазып жатқанын айтып, журналист осы мәселеге қатысты пікір білдіруін сұрады.
«Шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі» деген ұғым бар. Бұл – белгілі бір қаржы құралының ең жоғары пайыздық шегін айқындайтын арнайы тетік. Ол Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен шешімімен белгіленеді. Ипотекалық несиелер бойынша біз осы тепе-теңдік пен қаржылық тұрақтылықты және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды ескере отырып, бұл мөлшерлеме шамамен 20% деңгейінде болуы тиіс деп шештік. Себебі, 20%-дан жоғары ипотека – іс жүзінде қолжетімсіз. 10-15 жылға осындай пайызбен несие алу – өте үлкен артық төлемге әкеледі, – деді ол.
Сонымен қатар ол қазіргі таңда әдістемені қайта қарау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Мысалы, бастапқы жарнаны 20-30 емес, 50 пайыз етіп төлеуге дайын азаматтар үшін немесе несие мерзімі қысқа (5 жылға дейін) ипотекалар бойынша белгілі бір жеңілдіктер қарастыруға болады. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы қазіргі жоғары мөлшерлемелер жағдайында азаматтарға “Отбасы банкінің” бағдарламаларын пайдалануға кеңес берді.
Бұл банк жақсы жұмыс істеп отыр, оның портфелі өсіп келеді, цифрландыру деңгейі жоғары. Сондай-ақ Үкіметпен бірлесіп, орталық және өңірлік деңгейлерде жүзеге асырылып жатқан басқа да бағдарламалар бар, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктердің ипотекалық несиелер беруді уақытша тоқтатуы жөніндегі сауалға жауап берді.
Яғни банктерге ипотека бермеу туралы тапсырма берілді деген рас па? – деп сұрады журналист.
Жоқ, ондай тапсырма болуы мүмкін емес. Бізде нарықтық экономика, сондықтан банктерге қандай да бір нұсқау беруге құқығымыз жоқ, – деп жауап берді.
Оның айтуынша, ипотека берудің уақытша тоқтауы банктердің тәуекелдерді өз бетінше бағалауымен байланысты болуы мүмкін.
Олар да жоғары мөлшерлемемен берілген ипотеканың кей азаматтар үшін төлем қабілетсіздікке әкелуі ықтимал екенін көріп отыр. Сол себепті банктер бұл жағдайды өз тұрғысынан бағалап, сақтықпен қарап отыр. Бұл мәселеде, ең дұрысы, банктердің өзімен сөйлескен жөн, – деді Сүлейменов.