
«Цифрлық теңгені енгізудегі басты мақсат та, оны қолдануға ең тиімді орта да мемлекеттік қаражат. Бұл ақшаны алдын ала бағдарламалап барып шығарамыз. Ол бағдарламада цифрлық теңгені қолма-қол ақшаға айналдырудың шарттары бекітіледі. Ол шарттан басқа мақсаттарға бұл ақшаны қолдану мүмкін емес», – деді ол.
Тимур Сүлейменов қазірдің өзінде бірнеше ірі жоба пилоттық режимде цифрлық теңгемен қаржыландырылып жатқанын айтты.
«Ол ақшаны нарыққа шығара алмайсың, оған валюта сатып ала алмайсың, шетелге шығара да алмайсың. Мысалы, темір жол салуға пайдаланып бастадық. Ол ақшаға рельс сатып алуыма болады. Одан басқа мақсатқа жұмсай алмаймын. Кейде бюджеттен бөлінген ақшаға құрылыс материалын сатып алу керек болғанымен, басқа мақсатқа жұмсалып кетіп жатады ғой. Цифрлық теңгемен ондай істеу мүмкін емес», – деді Ұлттық банк басшысы.