Пайда болу тарихы
Саяхаттаудың каучсерфинг деп аталатын түрі осыдан 10 жыл бұрын пайда болған. Америкадағы Кейси Фентан есімді студент Исландияны көруді армандағанымен, мүмкіндігі болмаған. Арманына жету үшін студент Исландия университетінің 1500-ге жуық студенттіне электронды хат жолдаған. Кейси Фентан өз хатында Исландияға барғысы келетінін, алайда қаражатының аздығына байланысты арзан бағада тұрақтайтын жер тауып беруін сұраған.
Хатты оқығандардың елуге жуығы оған көмектесуге келіскен. Осылайша, студенттің арманынан туған тәжірибе осылайша өз жемісін беріп, әлемдегі үнемді туризм түріне айналады.
Каучсерфинг - қайтарымды іс
Каучсерфингтің басты мақсаты - саяхатшылардың өзара көмек жасауына көмектесу. Бұл қайырымдылық шарасы емес, қайтарымды іс. Мысалы, сіз шетелден келген туриске тегін баспана ұсынсаңыз, келесі саяхатыңызда сізге де дәл сондай қызмет көрсетіледі. Каучсерфинг арқылы арманын орындаған Кейси Фентан өз тәжірибесін өзгелермен бөлісу үшін онлайн-сервис құрып, 2004 жылы арнайы сайт ашқан.
CouchSurfing.org деп аталатын сайттың 230 елде 6 миллион пайдаланушысы бар. Каучсерфинг арқылы саяхаттасаңыз тек жол-пұл мен тамаққа ғана ақша жұмсайсыз.
©Сouchsurfing.org[/caption]Каучсерфингтің пайдасы:
*Тұратын орын үшін ақша үнемдеу. Себебі, каучсерферлер жатын орынды тегін береді; *Жаңа орта табу, адамдармен кездесу. Каучсерфинг — жаңа мәдениетті ішінен танып-білудің тамаша жолы; *Шет тілін үйрену. Ағылшын тілінен бөлек, өзіңіз саяхаттап барған елдің тілін үйрене аласыз; *Адамдарға көмек көрсетуді үйрену. Каучсерфинг – кез-келген уақытта көмек көрсетуге дайын саяхатшылардың өзара қоғамдастығы.Каучсерфингтің кемшіліктері:
*Таныс емес адамдар, белгісіздік. Сізге тегін жатын орын ұсынған адамды танымайсыз, онымен тіл табыса алмай қалуыңыз да мүмкін. Мұндай жағдайда сізге ешкім кепілдік бермейді. Келіспеушіліктің кесірінен далада қалып қойғандар да кездеседі. *Қауіпсіздік. Жағымсыз оқиға каучсерфинг тарихында бір рет қана орын алған. Сонда да, сақ болғаныңыз абзал. Саяхатшыны шақырмас бұрын, оның профилін жақсылап зерттеп алу керек. Телефонмен не скайпқа шығып, сөйлесіп, бақылап алған дұрыс. *Орналасудың ыңғайсыздығы. Сіздің не өз бөлмеңіз немесе бөлменің бір бұрышындағы орныңыз ғана болады. Қонақүйдегідей жағдай да жасалмайды.Қазақстандағы каучсерфинг
Қонақжай қазақ халқы да тиімді туризмнен бас тартқан жоқ. Сouchsurfing.org сайтына мыңға жуық қазақстандық тіркелген.
Тек қазақстандықтарға арналған Couchsurfing Kazakhstan парақшасы да бар. Мұнда тіркелгендердің саны небәрі 300 адам. Тиімді туризм түрі туралы ақпарат насихатталмай жатқандықтан, біздің елімізде саяхаттаудың бұл түрі әлі жақсы дами қоймады.
Тек қана шет мемлекеттерді емес, Қазақстанның қалаларын аралап шығу үшін де осы парақшаның көмегіне жүгінуге болады.