Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен БАӘ сауда және инвестициялық серіктестікті күшейтпек

Қазақстан мен БАӘ сауда және инвестициялық серіктестікті күшейтпек

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық форумға қатысу үшін Астанаға келген Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы сауда министрі доктор Тани бен Ахмед Әл Зеюдимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, екіжақты келісімдерді ілгерілету және іскерлік байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы серіктестік тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі артып, инвестициялық байланыстар нығайып, экономиканың стратегиялық салаларындағы бірлескен жобалар саны көбейген.

Келіссөздер барысында логистика, сауда, агроөнеркәсіп кешені, қаржы инфрақұрылымы және заманауи технологиялар бағытындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы БАӘ-нің Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйып, елдегі ең ірі төрт инвестордың қатарына енген. Әмірлік капиталының басым бөлігі көлік-логистика инфрақұрылымына, саудаға, қалалық ортаны дамытуға және басқа да инвестициялық жобаларға бағытталған.

Сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айналымы бір жыл ішінде 5 пайызға өскені айтылды. Ал 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында Қазақстан мен БАӘ арасындағы сауда көлемі 45,8 млн АҚШ долларын құраған. Осы кезеңде Қазақстанның Әмірліктерге экспорты 42,1 пайызға артқан.

Кездесу барысында Қазақстан тарапы Alatau City жобасының инвестициялық әлеуетін таныстырды. Жоба өңірдегі экономикалық өсімге, инновацияны дамытуға және халықаралық бизнесті тартуға бағытталған перспективалы орталықтардың бірі ретінде бағаланды.

Тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де қарастырды. Атап айтқанда, азық-түлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігіне арналған заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен БАӘ қаржы институттары арасындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Келіссөздерде исламдық қаржыландыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және сауда мен қаржы саласындағы тәжірибе алмасу бағыттары қарастырылды.

Өз кезегінде Әмірлік тарапы микрокаржыландыру, сақтандыру және инвестициялық қоржын қалыптастыру салаларындағы бірлескен бастамаларды дамытуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық қатысуды кеңейтуге, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау мен заманауи қаржы құралдарын енгізуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделі екенін растады.

Ұқсас материалдар