Жамбыл облысында қуаты 1 гигаватт болатын, құны шамамен 1,4 млрд долларды құрайтын Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды.
Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Құрылыс жұмыстарының басталу рәсіміне Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және БАӘ-нің Masdar компаниясының бас директоры Мұхамед Жамиль Әл-Рамахи қатысты.
Жоба оңтүстік өңірлердегі электр энергиясының тапшылығын азайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Инвесторлар қатарында Masdar (40%), W Solar (40%), «Qazaq Green Power» (18%) және Қазақстанның инвестициялық даму қоры – KIDF (2%) бар.
Жел электр станциясы іске қосылғаннан кейін атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін жылына 2,5 млн тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Нысанды толық коммерциялық пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.





