 
							Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, білім мен ғылымның ел дамуы мен өркендеуіндегі шешуші рөліне тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуынша, білім және ғылым – шекара талғамайтын, барша елге ортақ стратегиялық маңызы бар сала. Форум осының айқын дәлелі екенін атап өтті.
– Бұл – шын мәнінде аса маңызды жиын. Мұнда жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы құнды пікірлер айтылып, болжамдар жасалуда. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары Астанада бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауда. Барша қатысушыларға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы университеттерді «озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы» деп атап, қазіргі заманда білім ордалары заман талабына сай жаңашыл болуға тиіс екенін айтты.
– Онсыз даму да, өркендеу де болмайды. 2019 жылдан бері білім және ғылым саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. Жоғары оқу орындарының дербестігі кеңейіп, зерттеу университеттері көбеюде. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Соған сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың есепшотына аударылады. Бұл қаражатты кәмелет жасқа толғаннан кейін тек баспана сатып алуға немесе білім алуға пайдалануға болады.
Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі енгізілді. Онда ата-аналардың ерікті салымы мен мемлекеттік сыйақы жинақталады.
– Жобалардың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, жастарға пайызсыз білім несиелері мен түрлі гранттар берілуде. Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы жаңарып, жаңа кампустар мен жатақханалар салынып жатыр, – деді Президент.





