Отбасы банк 2025 жылдың тамызында әкімдіктерден қабылдап алған тұрғын үйге мұқтаждар базасына ауқымды аудит жүргізіп, 642 мыңнан астам анкетаны талдады.
Тексеру барысында жүздеген техникалық қате мен жүйелік олқылықтар анықталып, соның салдарынан кейбір азаматтар жылдар бойы кезекте ілгерілей алмағаны белгілі болды.
Аудит қорытындысы бойынша банк кезекте тұрған азаматтардың жағдайын жеңілдететін бірқатар шешім қабылдады.
Микроүлес пен саяжай енді кедергі емес
2026 жылғы ақпаннан бастап ата-анасының пәтеріндегі шағын үлесі секілді микродолесі бар азаматтар жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы тұрғын үй алу құқығынан айырылмайды. Сондай-ақ бақша серіктестігіндегі саяжай үйлер ресми түрде тұрғын үй ретінде есептелмейді. Олардың иелері кезекке тұра алады.
Жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға қосымша қолдау
Банк әлеуметтік осал санаттарға қатысты бірқатар бюрократиялық шектеулерді алып тастады. Енді балалар үйінің түлектері басқа қалаға оқуға немесе жұмысқа кеткен жағдайда тіркеу орны өзгерсе де, бастапқы кезекке тұрған өңірі сақталады.
Сонымен қатар табысы жоғары жақын туыстары жоқ мүгедектігі бар азаматтар мен жетімдерге екі адамға дейін сыртқы теңқарыз алушы (созаемщик) тартуға рұқсат берілді. Бұл ретте олардың отбасы табысы есепке алынбайды.
Бұрынғы қателер түзетілуде
Қағаз жүзіндегі есептен қалған бірқатар келеңсіз жағдайлар да қайта қаралды. Мысалы, анкетада кездейсоқ көрсетілген бөгде адамдарды қарапайым өтініш арқылы алып тастауға болады. Сол сияқты шетелдік жұбайлар да базаға енгізілмейді.
Егер бұрын техникалық қателік салдарынан кезекке баланың орнына қамқоршысы тіркелсе, деректерді әкімдік немесе сот арқылы түзетуге мүмкіндік бар. Ал әкімдікпен жасалған тұрғын үй шартын бұзған, бірақ пәтерде іс жүзінде тұрмаған азаматтар кезектегі орнын сақтай алады.
Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, әрбір жазбаның артында нақты отбасының тағдыры тұр.
«Біздің міндет – әр жағдайға әділ қарау. Бұрын жүйе қателескен тұстарды бүгін түзетуге тиіспіз. Отбасы банк адамдарды естиді және олардың өмірін нақты жақсартатын шешімдерді қабылдай береді», – деді ол.
Банкте атап өткендей, енді жалдамалы және кредиттік тұрғын үй тек деректері жаңартылған азаматтар арасында бөлінеді. Сонымен қатар күрделі жағдайларды қарау үшін арнайы комиссия құру жоспарланып отыр.





