Қуандық Бишімбаев Түркістан облысындағы қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуде
Алматы. 17 тамыз. 7kun.kz – Қазақстанның ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы, миллиондаған қаражат қымқырғаны үшін сотталған Қуандық Бишімбаев басқа түрмеге ауыстырылды, деп мәлімдеді ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов.
Ғалымжан Хасеновтың айтуынша, экс-министр өтініш жазып, Ленгер қаласындағы түрмеге жіберуді сұраған. Аталған мәселе Қылмыстық атқару кодексінің 88-бабында көрсетілген. Оған сәйкес, сотталған азамат әлеуметтік пайдалы қарым-қатынасты ұстаймын деп, нақты бір түрмеге жіберуді сұрай алады. Қ.Бишімбаев тура сондай өтініш жазып, Ленгер жақта туған-туыстарының тұратынын көрсеткен.
«Осыған байланысты сотталған экс-министр 5 шілдеден бастап Түркістан облысы Ленгер қаласындағы ИЧ 167/9 мекемесінде өз жазасын өтеп жүр», - деді Ғ.Хасенов.
Аталған түрмеде ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар отырады. Шамамен, 500 адамға арналған.
Естеріңізге сала кетсек, Астананың апелляциялық соты мамырдың соңында бұрынғы ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Ол 2018 жылдың наурызында екі миллион доллар пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды.