
Келісімнің негізгі міндеттері ретінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының еркін сауда аймағының орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердің экономикасының одан әрі өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау белгіленген. Келісімнің тараптарына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан Республикасы және Ресей Федерациясы кіреді.
Сенатор Серік Шайдаровтың тайтуынша, Қазақстан Республикасының Ресеймен, Қырғызстанмен, Армениямен және Беларусьпен қызметтерін сату шарттары Еуразиялық экономикалық одақ аясында реттеледі. Тәжікстанмен қызметтер саудасы олардың Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі міндеттемелерінде көзделген шарттармен жүзеге асырылады. Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымының және Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі саналмайды, сондықтан бұл Келісім қазақстандық бизнестің Өзбекстан қызметтері нарығына преференциялық тәртіпте қатысуын қамтамасыз етуде маңызды тетігі болады.
Келісім нормаларымен:
– әріптестік нарықтарда ТМД-ға мүше елдерден көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер үшін неғұрлым тиімді жағдайлар белгілеу, ұсыну әрі қамтамасыз ету, оның ішінде көрсетілетін қызметтердің өзара саудасын кеңейту және оны ырықтандыру деңгейін арттыру үшін жағдайлар жасауды;
– экспроприациядан қорғауды және капиталды еркін аудару кепілдігін қоса алғанда, инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктер жасауды;
– екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына оның аумағында толық қауіпсіздік пен қорғауды ұсынуды көздейтін қолайлы жағдайлар жасау қарастырылған.
– Келісім аясында инвестор мен Келісім тарапы арасындағы инвестициялық дауларды шешу тетігі көзделген. Инвестицияларды реттейтін Келісімнің ережелері инвестицияларды қорғау және көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді толықтыруға әрі дамытуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында инвестицияларды өзара тарту үшін қолайлы жағдайларды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, Өзбекстан осы құжат аясында заңгерлік, салық, бухгалтерлік, сәулет, инженерлік, IT қызметтерін, туризмді және басқа да бірқатар секторларды қоса алғанда, қызметтердің 54 кіші секторын ырықтандырады, бұл қазақстандық компаниялардың өзбек нарығына шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Бұл ретте, Қазақстан дәстүрлі түрде Өзбекстанға қызметтердің нетто-экспорттаушысы саналады, мұның өзі қазақстандық қызметтердің жоғары сұранысқа ие екендігін куәландырады, – деді Серік Шайдаров.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қызметтер саудасының көлемі 916,8 млн АҚШ долларын, оның ішінде қазақстандық қызметтердің экспорты 574,6 млн АҚШ доллары, ал импорт 342,2 млн АҚШ доллары болды. Қазақстан қызметтердің нетто-экспорттаушысы мәртебесін сақтайды, ал экспорт құрылымы негізінен жеке және іскерлік сапарларды, сондай-ақ компьютерлік, бухгалтерлік және сәулет-инженерлік қызметтерді қамтиды.
Депутаттың сөзіне қарағанда, қызметтердің еркін саудасы туралы келісім қазақстандық қызметтер үшін өткізу нарығын кеңейтуге ықпал етеді. Оның ішінде өзбек нарығына кіруді оңайлату қазақстандық компанияларға көрші елде өзінің қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл қызметтер экспортының көлемін ұлғайтады.
– Келісім сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, ТМД-ға мүше мемлекеттердің нарықтарына отандық қызметтер экспортын арттыруға және Қазақстанға инвестициялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді сенатор.