Қазақстан Республикасының Үкіметі зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Тиісті қаулы жобасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді жүзеге асыру тәртібін жетілдіруді және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейді.
Құжатта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы төленетін зейнетақы қаражатын пайдалану тетіктерін жаңарту қарастырылған. Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге арналған біржолғы төлемдерді жүзеге асыру қағидалары, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесі және табысты алмастыру коэффициентін айқындау тәртібі жетілдіріледі.
Негізгі өзгерістердің бірі – зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін қайта қарау. Бұл азаматтардың зейнетақы жинақтарын тиімді қалыптастыруға және оларды мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қаржылық теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.
Қаулы жобасы Ашық НҚА порталында жарияланып, 21 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.





