Қазақстандық бизнесмен Шахмурат Муталип 2026 жылғы қаңтарда АХҚО-да (МФЦА) KazZinc Group Ltd және Central Asia Resources Holding Ltd атты екі жаңа компанияны тіркеді. Компаниялар 21 қаңтарда құрылған.
Бұл туралы forbes.kz жазды. Екі ұйым да жеке басқарушы компания ретінде тіркелген және қызмет бағыты бірдей: мыс, қорғасын және мырыш өндіру мен байыту. Компаниялардың жалғыз акционері әрі бас директоры – Шахмурат Муталип.
Муталиптің негізгі активтерінің бірі саналатын Integra Construction KZ компаниясы жаңа құрылымдардың тіркелуіне қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада Bloomberg агенттігі Шахмурат Муталиптің Glencore компаниясының «Қазцинктегі» үлесін сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын. Әңгіме Glencore-ға тиесілі шамамен 70 пайыздық үлес туралы өрбіген. Алайда бұл ақпаратқа қатысты тараптар ресми түсініктеме бермеген.
Қазіргі уақытта «Қазцинктің» 69,74 пайызы Glencore International AG-ге тиесілі. Қалған үлестің 29,82 пайызы «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясына, ал 0,44 пайызы басқа акционерлерге тиесілі.
Бұған дейін Financial Times басылымы Муталиптің ERG компаниясындағы 40 пайыздық үлесті сатып алуға да қызығушылық танытқаны жөнінде жазған.
Шахмурат Муталип – Integra Construction KZ құрылыс компаниясының бенефициары. Forbes Kazakhstan дерегінше, компания 2025 жылы еліміздегі ең ірі жекеменшік кәсіпорындар рейтингіне қайта еніп, 12-орынға жайғасқан. 2024 жылы компанияның табысы 418,8 млрд теңгеге жетіп, таза пайдасы 35,4 млрд теңгені құраған.





