Қазақстанда зейнетақы қорындағы шекті мөлшерден асқан жинақты пайдалану ережелері біртіндеп қатаңдатыла бастады.
Бұған дейін азаматтар бұл қаражатты емделуге немесе тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге пайдалана алатын.
Қазір БЖЗҚ қаражатын медициналық мақсатта пайдалану уақытша тоқтатылды. «Отбасы банкінің» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл шектеу 6 айға енгізілген. Осы кезеңде зейнетақы жинағын емделуге жұмсау тетігіне толық талдау жасалып, оны мүлде тоқтату немесе сақтап қалу мәселесі қаралады.
Бұған дейін стоматологиялық қызметтерге зейнетақы қаржысын пайдалану тоқтатылған болатын. Банк мәліметінше, 2021-2025 жылдары стоматология бағыты бойынша 757 млрд теңге аударылған, оның 222,6 млрд теңгесі небәрі 20 клиникаға тиесілі болған. Бұл заңсыздық белгілерін анықтауға негіз болды.
Стоматологияға шектеу қойылғаннан кейін радиохирургия бойынша өтінімдер күрт артқан. Егер бұрын айына 10 шақты өтінім түссе, биыл қаңтарда олардың саны 7 мыңға жеткен. Осыған байланысты бұл бағыт та уақытша тоқтатылды.
Сонымен қатар ипотеканы өтеу кезінде зейнетақы жинағын пайдалану тәртібі өзгерді. Енді БЖЗҚ қаражаты тек негізгі қарызды өтеуге бағытталады, ал пайыздық төлемдер қарыз алушының өз есебінен төленеді. Бұдан бөлек, enpf-otbasy.kz платформасында ипотеканы өтеуге өтінімдер 30 қаңтар мен 2 наурыз аралығында қабылданбайды.
Сарапшылардың пікірінше, дамыған елдерде зейнетақы қаражатын пайдалану қатаң бақылаумен жүзеге асады немесе мүлде рұқсат етілмейді. Сондықтан уақытша шектеулер жүйені түбегейлі қайта қарауға бағытталған қадам болуы мүмкін.





