Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Нұртай Сабильянов, депутат: Уақыт белдеуін ауыстыру асығыс қабылданған шешім

Нұртай Сабильянов, депутат: Уақыт белдеуін ауыстыру асығыс қабылданған шешім

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халық арасында әртүрлі пікір тудырды.

Біріншіден, баласы мектепте түстен кейін оқитын ата-аналар шағым айтса, енді біреулер денсаулыққа зиянды жағын тілге тиек етті. Тіпті, әу баста Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Булатбаев уақыт белдеуінің өзгеруі электр энегиясы тарифтеріне әсер етпегенін айтса да, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім болғанын жасырмайды. Ал жақында мамандар бұл өзгерістің электрэнергия құнына кері әсері мен тұтынушылар қалтасына салмақ болып жатқанын айтып, дабыл қақты.

Алайда, уақыттың ауысуына қарсылық танытқандар петицияға қол қойса да, Үкімет бұған құлақ асты ма? Кеше Парламент мәжілісі депутаттары да осы мәселеге қатысты халықтың пікірін жеткізген. Атап айтқанда, депутат Жанарбек Әшімжан ел өңірлері тұрғындарынан келіп түскен көп өтінішке назар аударды.

7kun.kz тілшісі Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың пікірін білген еді.

     – Нұртай Салихұлы, бірыңғай уақыт белдеуінің қолайсыз екенін айтып жатқандар көп. Бұл шешім алдын ала зерттеу жүргізу арқылы қабылданды ма?

– Жалпы, уақыт белдеуін ауыстыру асығыс қабылданған шешім. Бұл шешім Үкіметтің қаулысымен қабылданды. Уақыт белдеуін өзгертуге байланысты құрылған жұмыс тобы мен ведомствоаралық жұмыс тобының құрамында Парламент мәжілісінің депутаттары болмаған. Бұл мәселе Парламент мәжілісінде талқыланбаған.

Уақытты ауыстыру кезінде 4 облыстың орталығында шағын топпен ғана  кездесулер өткізілген. Қалған облыстар мен қалаларда кездесулер, талқылаулар болмаған. Халық уақыт белдеуі ауыстыру туралы ақпаратты Үкімет қаулысы шыққанда ғана білген.

Енді ол кейбір өңірдің халқы үшін  кері әсерін тигізіп, қолайсыздық тудыруда. Сондықтан бірқатар өңірдің халқы бұл мәселені жиі көтерді. Абай, ШҚО, Жетісу және басқа да бірнеше өңірден Парламент мәжілісіне бұрынғы уақытты қайтару туралы 11 мыңнан аса азамат қол қойған үндеулер, өтініштер келді. Өңірлерде халықпен кездесулерде де бұл мәселе айтылды.

Сіздер осыны тиісті ведомстволарға тәптіштеп жеткіздіңіздер ме?

– Осыған орай Парламент мәжілісінде де бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. 10 желтоқсан күні уақыт белдеуі туралы мәселе «Amanat» партиясының фракциясының отырысында жан-жақты талқыланып, депутаттар уақыт белдеуін қалыпқа келтіруге байланысты ойларын ортаға салды. Мен де бұл уақыт белдеуі Абай, ШҚО және басқа да бірнеше өңірдің халқына қолайсыз жағдай туғызғанын айтып, бұрынғы уақытты қайтару керектігін айттым.

Бұл отырысқа Сауда және интеграция министрі А.Шакқалиев, Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова, Ғылым және жоғарғы білім министрі С. Нұрбек қатысып, пікірі мен ұсынысын айтты. Министрлердің айтуынша, уақыттың халыққа әсерін зерттеуге 3 жыл керек екен. Бірақ бұл ұсыныспен депуттаттар келіспеді.

Отырыста Парламент Мәжіліс төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметке уақыт белдеуінің әсерін зерттеуді  үш айда, яғни 2025 жылдың наурызында аяқтау керек екендігін айтты.

Осы зерттеу қорытындысы негізінде бірқатар  өңірдің халқының талап-тілегін, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып бұл мәсел Парламент мәжілісінде тағы қарастырылатын болады.

Жалпы, әлемнің 21 мемлекетінде 2 және одан көп сағат белдеуі бар екен. Мысалы, Францияда – 12, Ресей Федерациясында – 11, АҚШ-та –11, Ұлыбританияда – 8, Канадада – 6, Данияда – 5 сағат белдеуі бар. Сондықтан Қазақстанда кем дегенде 2 сағат белдеуі болу керек.

Ұқсас материалдар