Бюджет жобасын «даму бюджеті» емес, «қолдау бюджеті» деп атауға болады - Руслан Берденов
Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы мәселе қаралды. Депутаттар бекітуге келісім бергенімен, біразы сын көзімен қарап, Үкіметке ескерту айтқандай болды.
Баяндама жасаған депутаттардың бірі, Respublica партиясының тең төрағасы Руслан Берденов алдымен қыркүйектегі Президент Жолдауындағы міндеттердің бюджет жобасында көрініс таппағанына тоқталды.
«Президент ағымдағы жылғы қыркүйектің басында елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру, экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойды.Алайда, бұл бюджет жобасында қойылған міндеттердің толыққанды іске асырылуын көріп отырған жоқпыз. Қаржы министрлігінің берген жауабына сүйене отырып, бюджетке енгізілетін болашақ түзетулер шеңберінде көптеген сұрақтарымызға жауап аламыз деп үміттенеміз», деді депутат.
Бюджет жобасын «даму бюджеті» емес, «қолдау бюджеті» деп атаған депутат экономиканы дамытуға жұмсалатын шығындар мен әлеуметтік сала шығындарының айырмашылығына таңданыс білдірді.
«2026 жылға қарай экономиканың нақты секторына жұмсалатын шығындар 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл - бюджеттің барлық шығындарының 5,5% ғана. Ал әлеуметтік салаға жұмсалатын шығыстар 10,7 трлн теңгені құрады. Бұл бюджеттің барлық шығындарының 42,7%-ы. Бюджетте экономикалық өсуді ынталандыруға бағытталған шараларға қаражат жеткіліксіз. Бірақ «бюджет – ол проблеманың түбірі емес, тек салдары ғана». Проблеманың түбірі – ол қазынаны толтыратын экономиканың қуатында», дейді.
Бізде «базар экономикасы» басым, деген депутат ЖІӨ құрылымында көтерме және бөлшек сауда - 16,4%, тау-кен өнеркәсібі - 14,5%, өңдеу өнеркәсібі - 13,4% және құрылыс - 5,3% үлесі бар, дейді.
Ал дамыған шет елдерде мемлекеттік бюджет кірісі ЖІӨ 35 - 50%-ын құрайды. Мұндай жағдайда бюджет кірісі қазір 20 трлн емес, 50 трлн теңге болуға тиіс еді. Ондай табыс болған кезде елімізде төменгі жалақы 85 мың, ал төменгі зейнетақы 57 мың теңге болмас еді.
«Сондықтан экономикалық өсу мен бюджетті толықтыру көздерін іздестіру жөн деп есептейміз. Әйтпесе біз нашар немесе өте нашар шешімдер арасынан таңдау жасап жүре береміз», деп атап өтті Respublica партиясының тең төрағасы.
Сондай-ақ «Health check» халықаралық валюта қоры моделінің көмегімен жасалған талдауды мысалға ретінде келтірген сүйенген Руслан Берденов «Қазақстан Темір Жолы» мен «Самұрық-Энерго» қаржылық тұрақтылық нәтижелері төмен екенін, мұндай көрсеткіштермен көлік-логистика саласы елдің экономикалық даму локомотивтерінің біріне айнала алмаймыз, деді.