
Ол Мәжіліс отырысынан соң қосылған құн салығын талқылау мерзімі аяқталғанын хабарлаған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 6 жұмыс тобы бүкіл өңірлерді аралап, бизнеспен, кәсіпкерлермен кездесіп шықты. Сол кездесулерде айтылған ұсыныстарды қазір талдап жатырмыз. Бүгін-ертең ұсыныстарды Парламентке енгіземіз, – деді ол.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары ҚҚС-ны төлеу ауыл шаруашылығының өкілдерінің өз еркінде екенін айтты. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы үшін ҚҚС мөлшерлемесі қанша болатынына тоқталған.
– Қазіргі жағдай бойынша қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16 пайыз болады деп отырмыз. Кәсіпкерлермен, әсіресе шаруа қожалықтарының иелерімен кездескен кезде ауыл шаруашылығы үшін ҚҚС мөлшерлемесін 0 пайыз ету мәселесі айтылды. Осы кездесулерде керісінше ҚҚС-ны қалдыру туралы ұсыныстар болды. Сондықтан, біз мұны ерікті етуді жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығының өкілдері ҚҚС төлегісі келсе, төлейді. Денсаулық сақтау саласы үшін ҚҚС мөлшерлемесі 10 пайыз болады. ҚҚС салудың ең төменгі шегі 15 млн теңге деңгейінде қалады. Ол мәселе бойынша түрлі нұсқа айтылды. Бірақ кәсіпкерлердің көбі осы шек керек деп отыр, – деді Азамат Әмрин.