Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Шетелдік инвестор Жоғарғы соттың шешімін неге місе тұтпады?

 Шетелдік инвестор Жоғарғы соттың шешімін неге місе тұтпады?

      Бұған дейін Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында  төрт жылдан бері ақша айырбастау қызметімен айналысып келген «Сервис-АСТ» ЖШС компаниясы сауда нүктелерінен күштеп шығарылғанын және орнына басқа бәсекелестің орналасқанын хабарлаған болатын. 

Яғни, әуежай басшылығы жылына бір мәрте жасалатын келісімшартты бір күнде тоқтатып, заңсыздық әрекетке жол берген. «Жалға беру тәртібі бұзылып, құқымыз тапталды» деген серіктестік өкілдері былтыр сотқа шағым түсіріп, барлық инстанция бойынша жеңіске жеткен еді. Тіпті, шетелдік инвестор Жоғарғы соттың «Әуежай ғимаратындағы орынды жалға беру бойынша құқықтар мен міндеттерді «Сервис-АСТ» ЖШС-не қайтару туралы» шешімін орындауға келгенде құлықсыздық танытқан.

Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген «Сервис-АСТ» ЖШС өкілдері бұл жанайқайын ақпарат құралдары арқылы тиісті органдарға жеткізуді құп көрді. Олар Жоғарғы соттың шешімін елемейтін әуежайды басқаруға алған шетелдік компанияның немкетті әрекетіне тоқтау қойып, өздеріне тиесілі орынға тезірек оралуды қалайды.

«Сервис-АСТ» ЖШС директоры Айнұр Рахимованың айтуынша, бүгінге дейін үш сот инстанциясында жеңген. «Қазақстанға келген инвестор еліміздің заңын бұзып, кәсіпкерлердің құқығын шектеді. Халықаралық терминалдағы орынды ұзақ мерзімге жалға алып, ақшасын уақытылы төлеп, нәтижелі жұмыс істеп келсек те, Назарбаев әуежайына иелік еткен шетелдік инвестор Юсуф Альжафер бізді ысырып тастап, сауда нүктесін басқа компанияға берді. Біз құқымызды қорғауды мақсат етіп, сотқа шағымданып, жеңдік те. Тіпті, Жоғарғы сот та әуежай әкімшілігінің әрекетін заңсыз деп танып, сот жалдау шарты бойынша барлық құқықтарды «Сервис-АСТ» ЖШС-не қайтаруды бұйырды. Шешім 2024 жылдың қарашасында күшіне енді»,  – деді А.Рахимова.

Ол сот әлегімен жүрген бір жылда қарамағындағы қызметкерлерге өтемақы төлеп келгенін және жалпы алғанда шамамен 150 млн теңге шығынға батқанын да жеткізді.



«Біз қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймай отырған себебіміз, бізге басқа жақтан орын беріп отыр. Біз не үшін олар ұсынған орынды алуымыз керек? Соттың шешімі бойынша, қазір онда жұмыс істеп жатқан компания біздің орнымызды босатып беруі тиіс. Өйткені, ол орынды біз Ұлттық банктің талабы бойынша дайындап, жасадық. Ал бізден кейін келген компания дайын дүниеге иелік етіп отыр. Біздің талабымыз – өз орнымызды қайтарып берсін. Соттың шешімінде де солай жазылған. Бірақ   шетелдік инвестордың неге талапты орындамайтыны, Қазақстан мемлекетінің заңына не үшін бағынбайтыны түсініксіз. Егер осындай жағдай біздің елдің азаматтарына қатысты болса, бәрі мүлде басқаша жүзеге асар еді», – деді кәсіпкер.

 Бұл пікірді қостаған «Сервис-АСТ» ЖШС коммерциялық директоры Дәурен Медьяев: «2020 жылы Астана әуежайынан алғашқы ақша айырбастау пункті ашылды. 2022 жылы екінші касса іске қосылды. Былтырдан бері екеуінің де жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Соның салдарынан онға жуық адам жұмыссыз қалды. Бірақ олардың жұмыс істемегеніне қарамастан, жалақы төленді. Өкініштісі сол, кәсіпкерлерді қолдауды көздейтін Қазақстан заңдарының шетелдік инвесторларға келгенде орындалмай жататыны жанға батты», – деді.

  «Сервис-АСТ» ЖШС қорғаушысы Алмагүл Мусина соттың шешіміне мойынсұнбаған шетелдік инвестордың қамсыз әрекетіне қатысты не дейді?

 «2024 жылдың 5 қарашасында өткен апелляциялық сотта жеңіп, шешім заңды күшіне енсе де, компания  өзіне тиесілі орында жұмысын жалғастыра алмай отыр. Біз әуежай басшылығына соттың шешімін орындауын талап етіп  ресми хат жолдап, келісім бойынша орынды қайтарып беруін сұрадық. Бірақ олар шешімді орындауға, «Сервис-АСТ»-ге  тиесілі орынды босатып беруге асығар емес. Ең сорақысы, Астана әуежайы мен әлгі компания арасындағы келісімшарт бұзылса да, әрі қарай жұмысын жалғастырып, әуежайға жалға алу құнын заңсыз төлеп отыр. Енді біз сот талабы мен шешімін орындауға құлықсыздық  танытқаны үшін қайтадан сотқа беруге мәжбүр болдық», – деді заңгер Алмагүл Мусина.

Тәуелсіз сарапшы, экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл жерде әділеттілік қағидалары өрескел бұзылған. «Орынды тартып алып, дәл сол қызметті басқа субъектінің атқаруына құзыреттілік беруі – олардың арасындағы сыбайластың бар екендігін көрсетеді. Ұзақ жылдар бойы іскерлігін дәлелдеп келген және қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, салықтық есептемесін өз уақытында төлеп келген компанияны жоғалтып алсақ не болады?



Сондықтан елімізде жұмыс істейтін әр инвестор ҚР заңын сыйлауға, құрметпен қарауға міндетті. Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатылу деген сөз емес. Ал Жоғарғы сотты елемеу – елімізді сыйламау. Әрбір істе заң үстемдігі болуы қажет. Өйткені, заң талаптары орындалмаған жағдайда қоғамда іскерлік белсенділігі төмендеп, бизнестің құқықтық ортасы әлсірейді. Әділдікті талап еткен кәсіпкердің жанайқайына мемлекет құлақ асып, мәселеге нүкте қоюы тиіс», – деп түйіндеді.  

«Сервис-АСТ» ЖШС-нің бар үміті құзырлы органдарда. Сот шешімінің орындалуын және Қазақстан заңын елемейтін шетелдіктердің әрекетіне немкетттілік танытпауды сұраған серіктестік өкілдері бұл іске Бас прокуратура,  Әділет министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, тіпті президенттің қатаң қадағалауы керектігіне назар аудартқысы келеді.   

Ұқсас материалдар