Жеке кәсіппен айналысу, өзіңді өзің жұмыспен қамту мәселелері – бүгінде талқыға көп түсіп отырған тақырыптардың бірі. Дегенмен, жұрттың бірінде қаржысы бар қарымы жоқ болса, екіншісінің бизнес идеясы дайын болғанымен, қаражаты тапшы болып жатады. Мұндайда шағын бизнеспен айналысуға бастапқы демеу қажет. Мемлекет тарапы да осы мәселені көтеріп, барынша жағдай жасауға тырысып жатыр.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 5 әлеуметтік бастама көтеріп, соның бірінде отандық кәсіпкерлерге берілетін шағын несиенің көлемін былтырғымен салыстырғанда 20 млрд теңгеге арттыруды тапсырған.
2017 жылы 42 млрд теңге шағын несиеге бөлініп, 7200 несие берілген. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Бастау бизнес» жобасының негізінде ауыл-аймақтарда жеке кәсіппен айналысатын азаматтардың қатары артқан. Сұраныс жоғарылағандықтан шағын несие көлемі 2018 жылы 62 млрд теңгеге жетті. Жалпы шағын несиенің ең жоғарғы көлемі – 18 млрд теңге. Ауыл шаруашылығы саласында бизнеспен айналысатын кәсіпкер 6 % мөлшерлемемен 7 жылға дейін рәсімдей алады.
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2018 жылдың 2-тоқсанында 167 заңды тұлғаға 1 235 063 теңге сомасында шағын несие берілген.
Осыншама қаржыдан үмітті азаматтар қызмет көрсету, өнім өндіру салаларында табыс таба алады. Ал нақты айтқанда шағын несиемен қандай қаруа бастауға болады?
Бизнес көзі – ауыл шаруашылығында
Ауылдық жерде тұратын азаматтар елдімекеннің орналасу ерекшелігіне қарай бизнес бағытын таңдай алады. Егер жайылымдық жері бар, шөбі шүйгін, суы мол аймақта мал, құс шаруашылығын қолға алған абзал.
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте тұтастай республика бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілетін қызметтерінің) жалпы шығарылымы 3 188 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылғы тиісті кезеңінің деңгейінен 2 %-ға жоғары.
2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемінің өсуі – өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өндірісі – 0,5%-ға, тірі салмақтағы мал мен құстың сойылған көлемінің – 4,6%-ға, шикі сиыр сүті сауымының – 3,3%-ға ұлғаюымен, алынған тауық жұмыртқасы санының – 11,9%-ға өсуімен байланысты.
2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің ұлғаюы республиканың 13 облыстарында байқалған.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің 4,7%-ға, еттің барлық түрі – 4,1%-ға ұлғайған. Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылымының өсуіне өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің 1,7%-ға, еттің барлық түрі – 6,3%-ға, сиыр сүтінің – 3,8%-ға өсуі әсер етті. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдері шығарылымының өсуіне өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің 2,8%-ға, еттің барлық түрі – 6,7%-ға, сиыр сүтінің өндірісі – 3,2%-ға өсуі әсер етті.
Міне, ет, сүт, жұмыртқа өнімдерін шығару арқылы ішкі нарықтағы сұранысты қамтуға әрі пайда табуға болады. Бұл үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы шағын несие алып, бизнес-жобаларды бастауға мүмкіндік мол.
Айталық бөдене өсірумен айналысу – құс шаруашылығындағы табысты кәсіп саналады. Бұл құстың еті мен жұмыртқасы дәруменге бай. Сондықтан күнделікті ас мәзірінде тағамға қосуды құп көретін тұрғындар қатары аз емес. Сонымен қатар қоғамдық тамақтандыру орындарының да тапсырысы бар. Бөдене құсын талапқа сай өсіріп, өткізу нарығын қалыптастырса, міне – олжалы бизнестің жолы ашылмақ.
Ауыл шаруашылығы саласында етті, сүтті сиыр, қой, жылқы, түйе, ешкінің бас санын көбейту, көкөніс, жеміс, дәнді дақылдарды өсіруді ұзақ мерзімге жоспарланған жобалар деп қарастыруға болады. Сонымен қатар жылыжай салу, тамшылатып суару әдісін енгізу – шаруашылықтың табыстығы мен тиімділігін арттырудағы тәсілдер.
Өнеркәсіп – пайдалы сала
Ресми статистика мәліметіне сүйенсек, елімізде 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 104,8%-ды құрады. Өсу республиканың 14 өңірінде тіркелді. Өндіріс көлемінің төмендеуі Қызылорда, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында байқалды. Бұл ауқымды өндіріс орындарындағы көрсеткіш нәтижесі. Ал шағын кәсіпті өңдеу өнеркәсібі саласында да ашуға мүмкіндік бар.
Халықтың жиі тұтынатын азық-түлік қатарында нан өнімдеру басты орында. Сондықтан ұннан жасалған өнімдерді шығару пайдасыздыққа соқтырмасы анық. 2017 жылы алдыңғы жылдармен салыстырғанда өмір деңгейін бағалау бойынша таңдаулы зерттеу деректерге сəйкес халықтың азық-түлік өнімдерін тұтынуында өзгерістер байқалған. Нан-тоқаш өнімдерін тұтыну 5%-ға артып отыр. Бір адамға шаққанда нанды тұтынудың орташа көрсеткіші айына 3,7 келі нанды құрап отыр. Шағын несиеге өңдеу өнеркәсібі саласында мұздатылған қамыр, нан өнімдерін дайындайтын цех ашуға болады.
Нанды терең мұздатудың артықшылығы батыс елдерінде бұрыннан-ақ жоғары бағаланған əдіс, бұл технология бізге сол континтенттен келіп отыр. Мəселен, Еуропада өнідірілетін нан-тоқаш өнімдерінің жалпы көлемінің 70%-ы мұздатудан өтеді. Ал Қазақстанда бұл үдеріс енді ғана қолға алынып жатыр. Мамандардың көбі жаңа технологияларға өту жəне нан өндірісінде мұздатуды қолдану кəсіпорындардың табыстылығын арттырады деп санайды. Мұздатылған нан-тоқаш өнімдері əлем бойынша кафе, мейрамханалар, тез тамақтану орындары, асханаларда кеңінен қолданылады. Олар азық-түлік супермаркеттері мен дүкендер тұтынушылар арасында да сұранысқа ие. Осы технология арқылы өндірушілер бөлке, багет, батон, нан, басқа да түрлі нан өнімдерін тез мұздата алады.
Шағын кәсіп ретінде нан пісіретін наубайхана ашуға да болады. Жаңа піскен нанның түр-түрі, сондай-ақ самса, бәліш секілді өнімдерді тиімді бағада ұсына білгенде тұтынушы қатарын артпаса – кемімейді. Бұл кәсіпте ең бастысы қызметті түрін анықтау керек. Егер кәсіп иесі нанды ыстықтай сатуды көздесе, тандыр, арнайы нан пісіретін пешті халық көп жүретін жерде орналастырғаны абзал. Дүкендерге жеткізу арқылы сату жолын таңдайтын болса, онда цехтың орналасқан жері аса маңызды емес, бастысы – тым қашықта болмағаны. Маркетингтік зерттеулер жүргізе отырып белгілі бір аумақта халықтың шоғырлануын, дүкендердің орналасуын, сұраныс пен тұтынушылық деңгейін анықтап, бәсекелестердің қызметін саралап, тиімді бағада сапалы өнім ұсыну керек. Нарықтағы бағадан қымбат та, тіпті арзан да болмағаны абзал.
Қызмет көрсету: ақылы әрі сапалы
Жеке кәсіпте қызмет көрсету саласында да табыс табудың бағыттары өте көп. Шағын несие ала отырып, осы бағытта да кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейіне қарай сұраныстың да түрлері арта түседі. Айталық бүгінде нарықта бала күтушілердің агенттігін ашудың сұранысы айтарлықтай. Себебі жас босанған келіншектер балаларын күтушіге қалдырып жеке шаруаларын атқаруға, тіпті декреттік демалысқа қарамастан жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Осы ретте сапалы қызмет көрсететін агенттікке сұраныс артады. Бала күтушілердің талапқа сай болуына басты мән бере отырып, тапсырысқа қарай қызмет көрсету – тұрақты табысқа жетелейді.
Бүгінде қыз-келіншектер үшін кейтеринг саласы да тиімді болмақ. Бұл түрлі іс-шараларға арнап тапсырыспен тағам әзірлеу. Аспаздық, кондитерлік салада біліктілігі бар қыз-келіншектер үшін ыңғайлы.
Маркетингтік зерттеу жүргізе отырып, нарыққа қажетті жол бойындағы сервистік қызметте тасжолдағы автокөліктерге, автобустарға техникалық жөндеу, тамақтану, демалыс орындарын ұйымдастыруға таптырмас мүмкіндік. Автокөліктерді жалға беру, автокемпинг ашу, дезинфекция және дезинекция қызметін көрсету салаларында да тапсырыс қабылдау да табыс сала.