Редактор таңдауы
Шағын онлайн-сауда туралы не білу қажет?
Онлайн сауда - қаржы мен уақыт үнемдеудің жаңа жолы. Өз кәсібін ашуды ойлағандар да осы салаға қаржы салуды құп көреді. Онлайн сауданың айналымы да күн сайын көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Алайда шағын онлайн саудада кемшілік пен кедергі де жоқ емес.
Әлемде интернет-сауда қарқынды дамуда. Көрші Ресейде интернет қолданушылардың 70% онлайн сатып алады. Біздің елде бұл көрсеткіш 15-20%. Нарыққа банктердің де кіруі бұл көрсеткішті айтарлықтай өсіруге ықпал етіп отыр.
Онлайн дүкендердің деректеріне сүйенсек Қазақстанда - онлайн арқылы сатып алатын ең
танымал тауарларға: тұрмыстық техника және электроника заттары (40%) кіреді. Киім мен аяқ киім (15%), автобөлшектер мен үйге арналған тауарлар (10 %) кіреді. Сондай-ақ, нарықтың жартысын түрлі билеттер сатып алу, фаст-фуд тағамдарына онлайн тапсырыс беру иеленіп отыр.
Қазіргі кезде онлайн сауданың ірін орта және шағын ойыншылары қалыптасып үлгерді. Ірі ойыншыларға Kaspi.kz, Aviata, Chocolife.me сынды алпауыттар кірсе, шағын ойыншылар инстаграмда отыр.
Алайда мамандардың сөзінше, елімізде интернет-бизнестің
90 пайызға жуығы жабылып қалады екен. Олардың көпшілігі шағын интернет-дүкендер мен инстаграм парақшалар. Оның төмендегідей
себептері бар:
- Бағаны дұрыс белгілемеу;
- Капитал айналымының жетіспеушілігі;
- Инвестор тарта алмау;
- Тұтынушыларды тарта алмау;
- ІТ, маркетингтік құралдарды дұрыс пайдаланбау;
- Клиенттерге дұрыс қызмет көрсете алмау.
- Бәсекелестікке қабілетті болмау.
Интернетте орта немесе шағын бизнес бастаудың жолдары қандай?
Украиналық Netpeak интернет-маркетинг агенттігінің жетекшісі
Артем Бородатюк онлайн арқылы сату өте тиімді дейді және мынандай кеңестер ұсынады:
1. Барлығы есептелуі қажет
Сайт тіпті инстаграм парақша ашсаңыз да — оның құны қанша, олар арқылы сауда көлемі қандай болатынын есептеуіңіз керек. Егер интернетке жарнамаңызды берсеңіз — ол жарнаманың нақты қанша сатылым, транзакция мен табыс бересіз, есебін білгеніңіз жөн.
2. Сайтты үнемі дамытып отырыңыз
Көп кәсіпкерлер сайтты жасап болғаннан кейін іс бітті деп ойлайды. Бұл — қателік. Сайт жасау — оффлайн саудадан онлайн саудаға қарай жасалған алғашқы қадам ғана. Әдеттегі дүкен сіздің күнделікті жұмыс орныңыз болса, онлайн дүкен немесе параұша да сол жұмыс орныңыз.
3. Жаңа құралдарды пайдаланып көріңіз
Интернеттен өз бизнесіңізге қатысты түрлі сауалнамаларды зерттеп көріңіз. Сол арқылы өзіңіздің бизнесіңізге сәйкес келеді-ау деген бір немесе бірнеше құралдарды таңдаңыз. Әрине, не істесеңіз де ең алдымен табыс табуды көздеуіңіз керек.
4. Орта бизнеске айналуға тырысыңыз
Көшбасшы болу үшін алға қарай ұмтылу керек. Алдыңызға жаңа мақсаттар қойыңыз. Интернетте AB-тест жүргізу мүмкіндігі бар: сайтыңыздың қолданушыларының жартысы сіздің интернет-дүкеніңіздің жаңа дизайнын көреді, қалған жартысы ескі дизайнын ғана көреді. Осылайша қайсысында сауда көбірек жүретінін біліп, таңдауды соған түсіруге болады.
5. Бренд жасауға тырысыңыз
Өзі ісіңіздің атын шығаруға тырысыңыз. Мұндай жағдайда SEO, PPC (мән-мәтін арқылы жарнамалау), email-маркетинг (арзандығы жағынан ең тиімді әдіс) көп нәтиже бере алады. Сайтқа тікелей кірушілердің үлесі арта түседі әрі адамдар сайтыңызға көз үйрете бастайды.
6. Қызмет сапасын арттырыңыз
Кез келген сервис ашыла салғанда бірден қалыптасып кете бермейді. Келеңсіз жағдайлар да орын алады. Сауда көлемі өскен сайын қызмет сапасын жақсарту қажеттігін ұмытпау керек. Өйткені қызмет сапасы жақсы болмаған жағдайда клиенттерден түсетін арыздар да көп болады. Онлайн-бизнесті дамыту мақсатында сауатты ұйымдастырылған жүйені дұрыс пайдалана білген дұрыс.