Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Банктер де жазаланды: кәсіпкерлерге жаңа ескерту жасалды

 Банктер де жазаланды: кәсіпкерлерге жаңа ескерту жасалды

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ғимараттар мен қызметтерге кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасамаған кәсіпкерлер мен ұйым басшыларына қомақты айыппұл қарастырылған.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру талаптарын орындамаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Оның мәліметінше, мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал бизнес субъектілері үшін жаза көлемі кәсіпорынның санатына қарай өзгереді. Атап айтқанда, шағын бизнес өкілдеріне 120 АЕК немесе 519 мың теңге, орта бизнеске 200 АЕК немесе 865 мың теңге, ал ірі бизнес субъектілеріне 400 АЕК көлемінде, яғни 1,7 млн теңгеден астам айыппұл қарастырылған.

Мұрат Мұратбеков кәсіпкерлерге қаржыны айыппұл төлеуге емес, нысандарды бейімдеуге жұмсаған әлдеқайда тиімді екенін атап өтті.

– Айыппұл төлегеннен кейін де кәсіпкерлер заң талаптарын орындауға міндетті. Сондықтан қаражатты қолжетімді орта қалыптастыруға бағыттау тиімдірек, – деді ол.

Сонымен қатар талаптарды қайталап бұзған жағдайда жауапкершілік күшейтіледі. Мұндай жағдайда лауазымды тұлғаларға 80 АЕК көлемінде айыппұл салынса, шағын бизнес субъектілері 150 АЕК немесе 648,7 мың теңге, орта бизнес өкілдері 250 АЕК немесе 1,08 млн теңге, ал ірі кәсіпорындар 600 АЕК көлемінде, яғни 2,6 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін.

Департамент басшысының айтуынша, өткен жылы жүргізілген тексерулер нәтижесінде ірі бизнес субъектілеріне жататын бірнеше банк әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

– Бұл мәселе барлық ұйымдар мен кәсіпкерлердің назарында болуы қажет. Әрбір нысан мүгедектігі бар азаматтардың қажеттілігіне сай бейімделуі тиіс, – деді Мұрат Мұратбеков.

Оның сөзінше, заң талаптарын орындамаған нысандарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес қосымша шаралар да қолданылады.

Ұқсас материалдар