
Елімізде қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленді, ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Кодекс мемлекет басшысының жарлығы мен жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.
«Бүгін біз маңызды заң – Салық кодексін қабылдадық. Мемлекет басшысы жыл басында Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің негізгі құрылымын айқындап берді. Әділ, ашық және болжамды салық заңнамасын қабылдау жөнінде алдымызға нақты міндет қойған болатын.
Ол бизнес пен азаматтардың қаржылық міндеттемелерін реттейтін жай ғана ережелер жиынтығы емес. Жаңа экономикалық саясат жағдайында бұл Салық кодексін – әділдік пен ашықтық кодексі деуге болады. Сондықтан біз қабылданған кодексте осы процеске қатысушылардың барлығының мүдделерін теңдей сақтауға тырыстық.
Депутаттар жұртшылық пен бизнестің осыған қатысты алаңдаушылығы мен пікіріне жіті ден қойды. Оның барлығын мұқият зерделеді. Осы орайда Үкімет ұсынған Салық кодексінің жобасы Мәжіліс қабырғасында едәуір жетілдірілгенін айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтың бәрі Салық кодексінің жаңа редакциясынан көрініс тапты», – дейді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, заман талабына сай келетін, жан-жақты таразыланған салық заңнамасын қабылдауға қол жеткізілді.
«Жалпы, Салық кодексі кең ауқымда және ашық талқыланды. Парламент фракцияларында, Қоғамдық палата отырыстарында да бірнеше рет жан-жақты қаралды. Заң жобасы бойынша мемлекеттік органдардан ғана емес, кәсіпкерлерден де, сарапшылардан да, еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтық қоғам өкілдерінен де ұсыныстар түсті. Оның бәрі күнделікті жұмыс тобының отырыстарында қарастырылды.
Бұл жұмыстың нәтижесінде заман талабына сай келетін, жан-жақты таразыланған салық заңнамасын қабылдауға қол жеткіздік деп айта аламын. Осыған байланысты депутаттарға, жұмыс тобының мүшелеріне, Үкіметке және белсене атсалысқан азаматтардың барлығына атқарылған жұмыс үшін алғыс білдіргім келеді», – дейді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетерлігі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.
Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
- жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 млн теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;
- дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК-ке дейін – 5% (1 млрд теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;
- резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК-ке дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.