Қазақстандықтар соңғы жылдары шетелге жиі саяхаттайды. Арғысы – Мальдив пен Сейшель, берісі – Сорренто мен Пальма де Майорка. Ал туған жерлерінде солардан әсте кем түспейтін көркем жерлер бар екендігін білгенімен, барып көріп демалып, инвестиция салатындар аз. Мұны, отаншылдық сезімдері кем деп бағалаймыз ба? Ал сол Мальдивтері мен Соррентолары өз елінде, иектің астында жатыр. Солардың бірі де, бірегейі - Жоңғар Алатауындағы Бұрхан-бұлақ сарқырамасы.
Бұрхан десе көз алдыңа ең әуелі тас-талқан боп бұрқап аққан екпін жарға соққан толқындай тентек су елестейді. Бұл сірә, халықтық этимология. Негізінде, "Бұрхан" сөзі заманында атының тұяғы қазіргі қазақ жерінің шығыс пұшпағын басқан жоңғарлармен, олар шамандықты тастап, будда нанымының ламаизм бұтағын қабылдаған тарихи кезеңмен байланысты болса керек. Осы сөзіміздің дәлеліндей Бұрхан-бұлақ орналасқан Қора шатқалының бір бұрмасында жартас бетіне шекіп салынған буддалық пұт ие – Бұрханның суреті тұр.
Басын Алатаудың мұзарт шыңдарынан алатын 168 метр бойы ұзына ағып, каскад болып құлайтын Бұрхан-бұлаққа Қазақстандағы ғана емес, жалпы Орта Азиядағы ең ұзын сарқырамаға алып баратын жол өте күрделі, қиын жол. Таудың етегінен көтеріліп, Текелінің үстімен Қора шатқалы арқылы жүретін 75 км жерге төрт-бес сағат уақыт кетеді. Қия беттен өтіп бара жатып, төмен қарасаң, зау қарағайларды дәл төбесінен көресің. Ал сарқырамаға кеп келіп шалқайып жоғары қарағаныңда басыңдағы қалпағың жерге түседі. Салдыр-гүлдір құлаған сарқырауық айнала бөтен дыбыстың баршасын тұншықтырып, мына бес күн жалғанның судай өткінші екендігін еске салып тұрғандай. Көкірек жаратын саф ауамен тынығып, кеуде сарайың ашылып, базарлы қаланың у-шуында басыңа кіріп шықпайтын небір тосын ойларды ойлайсың, тазарасың. Әлгі театр саңлақтары айта беретін катарсист осы шығар. Сырқыраманың маңайында кісі қарасы аз. Әулиелі жерлерге қиналып бару керек дейді ғой. Оның үстіне әлгі киелі тұстарға заманауи жол түссе, туристік қоқысқа толып, киелілік реңкіне дық түсуі мүмкін деседі. Бұрхан-бұлақ бұл қатарға жатпайды. Ол Жаратушы пенделеріне нығмет еткен көркем бір сый. Демек, бұл жерге келетін адамдардың, туристердің басы молырақ болуы тиіс. Сергіп демалады олар, ал сонымен бірге бюджеттің де бүйірі томпаяды, екі жаққа да пайдалы. Мұндай жағдайға қол жеткізу үшін жоғарыда айтқанымызды ең әуелі сарқырамаға қарай заманауи жол түсуі керек. Сервис ойдағыдай болуы тиіс. Осының барлығы да туристік бизнестегі әлемдік стандарттардың әліпбиі.
Осыған орай, Respublica партиясы Жетісу облыстық филиалы мен Vizit Zhetysu туристік орталығы бастамасымен ұйымдастырылған пресс-турда Жетісу облысы әкімдігі биыл Бұрхан-бұлаққа жол салу үшін оның жобалық құжаттарын жасауға облыстық бюджеттен 94,8 млн теңге қаржы бөлінгені белгілі болды. Содан кейінгі 2 жылда жоба жасалып, шақырымдық жақсы жол төсеу нәтижесін беруі керек. Мұнда мамыр мен қазан аралығында, яғни бес ай бойы туристік қызмет көрсетуге болады. Бұл жағынан келгенде демалыс кезеңі екі айды құрайтын Бурабаймен салыстырғанда, Бұрхан бұлақтағы сервистік туристік қызмет көрсету мерзім жағынан екі есе көбірек. Яғни, мұның өзі туристік агенттіктер, туристік нысандардың иелері үшін едәуір қолайлы жағдай. Тек бар мәселе, бар гәп жол салып, туристердің іркіліссіз келуіне мүмкіндік жасауда. Сонда туристер біздің Бұрхан сарқыраманы да тани түспек.
Алғаш рет Бұрхан-бұлаққа демалушылар тобымен келіп, өлкенің тұмса табиғаты мен бұлақ киесіне ынтық болып, осында демалушыларға қызмет ету жолын таңдаған демалыс орынның менеджері Екатерина Николаева ауыр жолға қарамасан айына 300-500-ден аса саяхатшылар келетіндігін жеткізді. Туристер Германия, Ұлыбритания, Ресей, ТМД елдерінен, биыл алғаш рет үндістандықтар да келіп, демалып кеткен.
"Біздің Бұрқан-бұлақ" демалыс орны 50 адамға арналған. 4 үй – 8 орындық төрт үй және 12 адамға арналған VIP, үлкен үйіміз бар. Бағасына келсек, бір адамға эконом нөмірлер – 17 мыңнан, ал VIP орын кісі басына – 22 мың теңгеден. Бұған 3 уақыт тамағы кіреді. Мамыр айынан қазан айына дейін, күн суытқанша жұмыс істейміз. Саяхатшыларды Талдықорғаннан арнайы жол талғамайтын арнайы көлікпен алып кетеміз және апарып тастаймыз. Трансфер құны бір адамға – 12 мың теңгеден. Көлікке 15 адамға арналған. Бұл жердің таңғажайып сұлу да әсем табиғатына сүйсінбеген жан жоқ. Келген кісі ризашылықтарын білдіріп, қайта келуге ниет білдіріп жатады. Жол салынса, саяхатшылар үшін жағдайлар жасалса, Жетісудың көркем табиғатына жол ашылар еді" – дейді Екатерина.
Гүлмира Асылбекқызы
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Өткен 11 айда отандастарымыздың зейнетақы активтері 4,25 трлн теңгеден асты
- 28 желтоқсан, 2024