Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Әйгілі Қарқара жайлауында Қымызмұрындық өтті

Әйгілі Қарқара жайлауында Қымызмұрындық өтті

Кеген ауданындағы әйгілі Қарқара жайлауында Алматы облысы әкімдігінің ұйым­дастыруымен Қымыз­мұрындық мерекесі мен«Жолан жүйрігі» атты республикалық аламан бәйге өтті, деп хабарлайды 7kun.kz.

Қыстан аман шығып, көкке ілініп, алғаш бие байлағанда көрші, ағайын-туысты шақырып, дастархан жайып, той жасап, бата берген қазақ дәстүрі Қарқарадағы Қымызмұрындықта жалғасты. Мереке ақ жаулықты Оралхан әженің қонақтарға қымызмұрындықтың туралы айтып, қымыздан «Ауыз тию» рәсімінен басталды. Алғашқы бие байлағандағы жөн-жоралғыларды айтып,  биебаудың басына ақ тамызды. Ауыл қариясы Жетен ата биебаудың басында жиналған жұртқа ақ батасын берсе, келіні Айнара бие сауудың тәсілдерін көрсетті.

Игі дәстүрді жаңғырту мақсатымен жасалған шараның сәнін Қонаев қаласы мен Жамбыл, Ұйғыр, Қарасай, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Талғар аудандары мен Кеген ауданының барлық ауыл­дық округтері тіккен 100-ге жуық киіз үй мен ұлттық киімдегі ақсақалдар, ақ кимешекті әжелер кіргізді. Қариялар әр ауылдың киіз үйі алдында «Нан өнімдері», «Сүт өнімдері», «Сыйтабақ», «Құрақ көрпе», «Кесте тігу», «Ши тоқып, киіз басу», «Өрім өру» сынды қолөнер түрлерін көрсетті. Ән мен жырдан шашу шашып, облыстық ардагерлер кеңесі «Батагөйлер» бәйгесіне қатысты. Батагөй қариялар арасындағы жарыстың бас жүлдесін Талғар ауданының тұрғыны Ауған Қыпшақов алды.

Батагөй қариялар / фото: Ербол Азанбек

Қымызмұрындыққа келушілердің назарына ауылшаруашылық саласының озық техно­логиялар көрмесімен және ұлттық қолөнер бұйымдарының көрме­сі де ұсынылды. Көрмеге «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің түйелері, «СПК Дарын-Хантөре» және «Ұларлы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативімен  «Мұрынбай» шаруа қожалығының асыл тұқымды қойлары қойылған.

Салтанатты іс-шараның негізгі бөлігі сахна маңында өтіп, 50 адамдық көш-керуемен басталды. Облыстық Сүйінбай атындағы филармония мен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары қойған сахналық көріністер көпшілік көңілінен шықты.

Көршілес Түп, Кеген аудандарының әкімдері / Фото: Жеңіс Ысқабай

Биылғы Қымызмұрындықтың ерекшелігі Қарқара жайлауымен іргелес көршіміз Қырғыз Республикасы Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев арнайы келіп қатысып, осындай игі шараны ұйымдастырған облыс, аудан басшыларына алғысын айтып, құттықтау тілегін жолдады. Сондай-ақ Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қытайдан қонақтар келіп қатысты.  Мерекеде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов, Кеген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков, белгілі кәсіпкер Стақан Белғожаев құттықтау сөз сөйледі.

«Барша жұрттың басын қосып, ынты­мақ пен бірлікке үндейтін қымызмұ­рындықтың дәстүрлі түрде Кеген ауда­нында өтуінің өзіндік себептері бар. Бұл жердің топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, жұрты жайсаң, қымызы керемет. Осындай жобаны жүзеге асыру арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деген тапсырмасын орындап жатырмыз. Бұл іс-шараны өс­ке­­­лең ұрпақты, шетелдік турис­тер­­ді тартатын фестиваль форма­тын­­да ұйым­дастыруымыз Мемле­кет басшысы­ның «Біз дәстүрлі құндылық­тарымызды қа­зіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек» деген ұстанымына сай келеді. Сондықтан қымыз мерекесі – берекелі бірліктің, тату тірліктің, молшылық пен қонақжайлылықтың көрінісі, маңызды фольклорлық-этнографиялық мереке», деді Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым.

Мерекелік шара Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Ұлжан Айнақұлова, Өмірқұл Айниязов, Сәкен Майғазиев, Мұқасан Шахзадаев, Төреғали Төрәлі, Жігері Аупбаев, Қажымұрат Шешенқұлұлы, «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі сынды өнер жұлдыздарының концерті мен  жасөспірімдер мен түйе палуандар арасында қазақ күресі, сондай-ақ қошқар көтеру, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату жарысымен жалғасты. Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы сайыста кегендік Нұрсұлтан Алғазы ІІІ орын 100 000 теңгені қанжығысына байлады. Бұл додада  Жетісулық  Жансерік Жұмабай ІІ орынға тұрақтап, 200 000 теңгені иеленсе,  Түркістан облысының намысын қорғаған Марат Байкамуров І орынды иеленіп, 300 000 теңгені еншіледі.

Балуандар белдесті / фото: Жеңіс Ысқабай

Қымызмұрындық аясында көпшіліктің ынта-ықыласын ерекше аударған Жолан Омаровты еске алуға арналған «Жолан жүйрігі» халықаралық бәйгесі болды. Қазақстан мен Қырғызстанның шабандосдарының басын қосқан аламанда құнан бәйгеде 1-орынды Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген «Граф», топ бәйгеде Жетісу облысы Ақсу ауданының тұлпары «Тасқын» атты топ жарды. Ал 35 шақырымдық аламан бәйгеде Жетісу облысы Жалғызағаш аулы­нан келген әйгілі «Жұмыртұяқ» алдына қара салмай, бас бәйгені еншіледі. Барлық жеңімпаздарға автокөлік кілті табысталды. 2,3-ші орындарға 2 500 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар берілді.

Жолан жүйрігінің жеңімпазы / фото: Жеңіс Ысқабай

«Жолан баламды сыйлап, қымызмұрындық беріп, ат шаптырып жатқандарыңызға мың рахмет! Кеген мен Райымбек аудандарының ел-жұртына рахметімді айтамын! Қарқараның көк жайлауында киіз үйлер тігіп, қымызмұрындық беріп жатқан, Жолан атындағы бәйгені ұйымдастырған аудан әкімі Нұрбақыт балама, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке басымды иіп, рахмет айтамын! Нұрбақыт менің баламның жолдасы еді, ол ақтап жатыр, ақтады деген осы ғой! Алланың жазуы солай! Рахмет, көпшілік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», дейді Жолан Омаровтың әкесі Ыбырайақын Омаров ақсақал.

Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша Қымызмұрындықтың ауқымы кеңейіп келеді.

«Ұлттық салт-дәстүріміз салтанат құр­ған бүгінгі мерекелік шараға шетел­дік қонақтар да келді. Олар – Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Қытай және көрші­лес қырғыз елінің Түп ауданынан арнайы келген делегация мүшелері. Осыған қарап, қымызмұрындықтың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көруге болады. Ауданымызда «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал өсірушілердің қатары көбейіп, жайлау төсі төрт түлікке толуда. Жалпы, облыста қымызды ең көп өндіретін – біздің ауданның тұрғындары. Келешекте осы кәсіпті жетілдіру көзделіп отыр. Айтулы мерекеге үлкен-кіші түгел атсалысты. Бұл аудан жұртшылығының жұдырықтай жұмылған ынтымақ-бірлігін білдіреді. Көптің көзайымына айналған дүбірлі думанға шамамен 5 мыңнан артық қонақ келді», дейді Нұрбақыт Теңізбаев.

Ұқсас материалдар