Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Мемлекет креативті индустрияны қалай дамытуда?

Мемлекет креативті индустрияны қалай дамытуда?

Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында стратегиялық сектор ретінде бекітілген креативті индустрияны қолдаудың мүмкіндіктерін кеңейткен заң қабылданды.

Бұл мақсатта мемлекет тарапынан креативті хабтар құрылуда. Бүгінгі таңда олардың саны 12-ге жетті, ал келесі жылы шамамен тағы 8 хаб ашу жоспарланып отыр. Астанада өтіп жатқан Astana Finance Days 2025 форумында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мемлекет тарапынан креативті индустрияны дамыту бағытында жасалып жатқан қадамдар туралы баяндады.

Евгений Кочетовтың айтуынша, маңызды қадам – көптен бері талқыланып жүрген креативті индустрияларды қолдау қорының іске қосылуы.

«Биылғы жылдың 21 шілдесінде Қазақстанда Креативті индустрияларды дамыту қоры ресми түрде тіркелді. Бұл біз үшін көптен күткен оқиға. Себебі бұған дейін, 2021 жылғы Мемлекет басшысының Жолдауында креативті экономиканы дамытудың нақты конфигурациясын айқындау қажеттігі айтылған болатын. Бұл процесті салық кодекстері мен ассоциациялық бағдарламалар толықтырып отыр. Олар саланы көлеңкеден шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасауда. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Үкімет тарапынан уәде етілген істердің 90%-ы орындалды. Неге 90%? Біріншіден, алдағы Үкімет отырысында Қорды ұлттық оператор ретінде бекіту мәселесі түпкілікті шешіледі. Бұл – бірінші. Екіншіден, қазір бізде бірқатар жеңіл заңнамалық түзетулер бар. Тағы бір заң жобасын аяқтап жатырмыз, қыркүйек айында оның алғашқы оқылымы өтеді деп ойлаймын», – деді Кочетов.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде Қордың орналасатын орны да анықталып, оның жұмысын дамыту бағытында жұмыстар белсенді түрде жасалуда.

«Әлемде көптеген ұқсас модель бар. Біз белсенді зерттеген Creative Korea, Creative England соның қатарында. Зерделеу нәтижесінде біз өзіміз үшін төрт негізгі бағытта жұмыс істейтін үлгіні таңдадық. Қордың жұмысы төрт басты постулатқа негізделіп, креативті саланы мынадай бағыттар бойынша дамытады.

Біріншіден, бұл – таланттарды іздеу. Яғни, зерттеу алаңы, жастарды табу, зерттеу жүргізу.

Екіншіден, жобаларды дистрибуциялау. Бұл нені білдіреді? Көптеген жастар белгілі бір идеямен келеді, бірақ оны толыққанды өнімге айналдыруға қиналады. Олар мұны қалай істеуді білмейді. Сатылым тізбегін қалай құрудан да хабары жоқ. Мысалы, маркетплейстермен қарым-қатынасты қалай құру керектігін, анимацияны, бейнебаянды, киноны қалай продюсерлеуді білмейді. Сондықтан қорда осындай жобалармен жұмыс істейтін үлкен, қуатты акселерациялық бағдарламалар болады.

Үшінші бағыт – инфрақұрылымды дамыту. Сіздер хабтар туралы айттыңыздар. Қазір олардың саны – 17. Алғашқы ойымыз – «алқапты егу», яғни продюсерлер кіретін орта қалыптастыру болды. Қазір олар кірді, енді барлық хабтардың жобаларға толыққанды жұмыс істеуі үшін бірнеше қадам жасау қажет. Мысалы, Қор құрылымында арнайы қарастырылған: қордың 20 қызметкері аймақтық хабтардың басшылары болады. Яғни, бас қор елдегі барлық хабтар жүйесін басқаратын болады. Бұл жұмыс келесі жылдың басынан басталады.

Төртінші бағыт – экспортты қолдау. Көптеген жастар биенналелерге қатысуды қалайды, жобаларын әртүрлі халықаралық алаңдарда ұсынғысы келеді. Кейбіреулері өздерінің авторлық құқықтарын барынша сауатты қорғауды қалайды», – деді Евгений Кочетов.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің айтуынша Ұлттық лотерея операторының табысының белгілі бір пайызы креативті экономиканы дамытуға бағытталады. Бұл механизм осы жылдың 3-4 тоқсанынан бастап іске қосылады.

«Бұл – қазақстандық «ноу-хау». Бұл – өте үлкен жеңіс. Бұл үшін көптеген жылдар бойы күресіп келдік, ақыры жүзеге асты. Біздің мақсатымыз – осы қаражаттың шынымен мұқтаж креативті жастарға барынша ашық әрі әділ бөлінуін қамтамасыз ету. Әрине, қаражаттың белгілі бір бөлігі қайтару, шартты және ақылы негізінде бөлінеді, өйткені ешкім ақшаны жайдан-жай таратпайды. Дегенмен, бұл – креативті экономикаға бағытталатын мақсатты капитал», – дейді Евгений Кочетов.

Вице-министрдің пікірінше, қазіргі таңда резидент болуға ниетті бірнеше серіктес бар. Оның алғашқыларының бірі – «Яндекс» компаниясы кітап, музыка, кино және анимация бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге ниетті.

Мемлекет бұдан бөлек «2030 жылға дейін креативті саланы дамыту стратегиясы» атты стратегиялық құжатпен жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы алдағы уақытта ресми түрде жарияланып, сала өкілдерімен бірге талқыланады. Бұдан бөлек алдағы уақытта басым бағыттар айқындалмақ.

«Қазіргі таңда креативті салада 43 қызмет түрі, 12 бағыт бар. Бұл өте көп. Әрине, барлық бағытты қолдау инвестицияны тиімді бөлуге сәйкес келе бермейді. Сондықтан ең алдымен біз өзіміз үшін басымдықтарды айқындауымыз керек. Қазір бұл бойынша көп пікірталастар жүріп жатыр. Кейбіреулер қолөнершілерге басымдық беру керек дейді, өйткені бұл экономиканың өте үлкен сегменті. Біз де талдау жасадық: креативті салада шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны шамамен 50 мыңға жетті. Олар бір жылдың ішінде 17%-ға өсті. Оның шамамен 40%-ы – қолөнершілер. Бұл – кәсіпорын мен онда жұмыс істейтіндердің көптігін көрсетеді. Сондықтан оларды қолдау еңбекпен қамтуды сақтауға мүмкіндік береді деген пікір бар. Яғни, қазір біз басымдықтарды анықтауымыз қажет. Кіммен жұмыс істеу, кімге қаржы салу, кімнің болашағы бар – соны шешуіміз керек.

Екінші – бұл салықтық ынталандыру шаралары. Өткен жылы арнайы салық режиміне (ол кезде жай ғана бөлшек салықтың арнайы режимі еді) креативті қызмет түрлерін енгізгенде, біз нарықтың мұншалықты белсенді әрі оң әсер беретініне күтпегенбіз. Қазір біз жаңа Салық кодексінің аясында 1 қаңтардан бастап арнайы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпорындар мен жеке тұлғалардың тізімін жаңартып жатырмыз. Негізінен, бұл – B2C секторы. Неліктен бұл біз үшін маңызды? Себебі нарықтың осы шараға керемет реакциясын көрдік. Бір жылда 17% өсім болды, яғни тек осы шараның арқасында шамамен 10 мың кәсіпорын ашылды. Бұлар жай ғана тіркелген компаниялар емес, бұл – көлеңкеден шығып, шынайы жұмыс істеп жатқан бизнес. Демек, бұл салаға қатысты нарықтың икемділігі өте жоғары.

Үшінші – біз кино саласын қолдау шараларын жаңа Салық кодексінде де сақтай алдық. Олар әрі қарай жалғасады. Бірақ ұлттық фильм мәртебесін беру механизмін қайта қарастырамыз. Айтпақшы, білмегендер үшін еске салайын: Егер кинопродюсер ұлттық фильм мәртебесін алса, ол корпоративтік табыс салығынан босатылады. Ал ұлттық киноны көрсететін кинотеатр ҚҚС төлемейді. Бұл норма сәл жаңартылды, бірақ сақталып қалды», деді Евгений Кочетов.

Оның айтуынша, министрлік осы шараларды қаңтар айына дейін барынша тез іске асыруды жоспарлап отыр.

Ұқсас материалдар