Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтық – алдаудың ең танымал түрлерінің бірі

Тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтық – алдаудың ең танымал түрлерінің бірі

Қазақстандықтарды тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтардан сақ болуға шақыруда. Бұл материалда қылмыскерлерді қалай тануға болатынын, олардың құрбанына айналмау жолдарын және банктер алдап алынған ақшаны қайтарып беруге көмектесе ала ма, деген сұрақтарға жауап береміз.

Бұл схема қалай жұмыс істейді?

Алаяқтар тегін хабарландыру сайттарына өз қызметтері немесе тауарлары туралы жарнамалар орналастырады. Олар концерт билеттерінен бастап компьютерлер мен жиһаздарға дейін кез келген нәрсені «сатуы» мүмкін. Бағасы өте тартымды – төмен, бірақ күдік тудырмау үшін нарықтық шектен шықпайды.

Потенциалды «сатып алушы» байланысқа шыққан кезде, алаяқ әдетте оны Telegram немесе WhatsApp сияқты сыртқы мессенджерге өтуге шақырады. Кейін қылмыскер тауарға бірнеше адамның қызығып тұрғанын айтып, оны басқа біреуге сатып жібермеуі үшін алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін, алаяқтар хат-хабарды өшіріп, байланысты тоқтатады.

Сатушы маған құжаттарының фотосын жіберді - оған сенуге бола ма?

Жоқ. Қазіргі заманғы графикалық редакторлар кез келген адамды сендіре алатын құжаттардың өте шынайы «көшірмелерін» жасауға мүмкіндік береді. Оның үстіне, құжаттың түпнұсқалығын жай ғана фото арқылы тексеру мүмкін емес.

Сатушы маған тауардың фото және видео материалдарын жіберді. Бұған сенуге бола ма?

Фотолар мен видеолар сізді алдап кетпейтініне кепілдік бермейді. Тауарды көрмей, тек фотоларға сүйеніп, ақша аударудың қажеті жоқ.

Сатушы алдын ала төлем сұрамайды, бірақ курьер қызметіне алдын ала төлеуімді сұрайды. Бұл да алаяқтық па?

Иә, көбінесе бұл – алаяқтық. Егер сізге курьер арқылы жеткізу қажет болса, онда қызмет ақысын тікелей жүргізушіге төлеуге немесе тауарларды жеткізу қызметі бар кез келген такси агрегаторын пайдалануға болады.

Тегін хабарландыру сайттарын алаяқтардың құрбаны болмай қалай пайдалануға болады?

Қауіпсіздік үшін есте  ұстаныңыз: көзбен көрмеген тауар үшін ешқашан ақша аудармаңыз.

Сатушының әрекеттерін бақылаңыз. Егер сізге:

  • Шешім қабылдауға уақыт бермей, асықтырып жатса;
  • Басқа сатып алушылар бар екенін айтып, жасанды дүрбелең тудырса;
  • Алдын ала төлем жасауды сұраса: кепіл ретінде немесе жеткізу қызметі үшін, онда сіз алаяққа тап болуыңыз мүмкін.

Мен алаяқтарға ақша аударып қойдым. Банк қайтарып бере ала ма?

Егер ақшаны сіз өзіңіз аударсаңыз, алушының келісімінсіз қайтару мүмкін емес. Бұған Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңына сәйкес тиым салынған.

Алған адаммен өзім сөйлесу үшін банк маған оның деректерін бере ала ма?

Жоқ. Банк шоттары, операциялар және клиенттер туралы ақпарат банк құпиясына жатады. Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» заңының 50-бабына сәйкес, бұл мәліметтерді тек соттың немесе басқа уәкілетті органдардың сұрауы бойынша ғана алуға болады.

Егер мен алаяқтардың құрбаны болсам, не істеуім керек?

Бірінші кезекте, құқық қорғау органдарына арыз жазу қажет. Тәртіп сақшылары сіздің нақты жағдайыңызға байланысты ары қарай қандай шаралар қабылдау керектігін түсіндіреді.

Сондай-ақ, бұл туралы банкке хабарлаңыз. Банк ішкі тергеу жүргізіп, заңғы сәйкес алушыға қатысты тиісті шаралар қабылдайды және сізге, басқа клиенттерге  осы алаяқтардың әрекетінен зардап шекпеуі үшін көмек көрсетуге тырысады.

Жоғарыдағы сұрақтардың жауаптарына қарасақ, алаяқтардың схемалары аса күрделі емес. Егер сақтық шараларын сақтап, қарапайым ережелерді ұстансаңыз, алаяқтарды оңай анықтауға болады.

«Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында тегін хабарландыру сайттарындағы алаяқтық туралы жаңа бейнеролик шықты. Алаяқтардың қалай әрекет ететінін қараңыз.



Еске салайық, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы бейнероликтер сериясын дайындады. Жаңа бейнероликтер әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасында жарияланады.

 

 

Ұқсас материалдар