2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгені құрады.
Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға жоғары (19,5 трлн теңге). Инвестициялық белсенділік экономиканың бірнеше негізгі саласында айтарлықтай өсті. Ең жоғары өсім қаржы және сақтандыру қызметінде байқалып, инвестиция көлемі 88,4%-ға артып, 313,5 млрд теңгеге жетті.
Бұдан бөлек, бірқатар салаларда да өсім тіркелді:
-
электр энергиясы, газ, бу және ыстық сумен жабдықтау – 53,1%;
-
ауыл шаруашылығы – 53%;
-
өңдеу өнеркәсібі – 30,1%;
-
ақпарат және байланыс – 13,4%;
-
білім беру – 9,2%;
-
көлік және қоймалау – 9%.
Инвестициялық өсімге шетелдік капитал ағыны да ықпал етті. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 14,9 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,9%-ға артты.
Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан Үкіметі 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын бекітті. Құжат инвестиция тарту жүйесінің тиімділігін арттырып, шикізаттық емес секторды дамытуға және қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыруға бағытталған.
Инвесторлармен жұмысты күшейту үшін Kazakh Invest шетелдік өкілдіктер желісін кеңейтіп, елдің инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингі жанынан Investment Board инвестициялық қызметі құрылып, ірі инфрақұрылымдық жобаларды дайындау және іске асырумен айналысады.
Инвесторларға қызмет көрсету үшін Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығы құрылып, «бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық рәсімдерді жедел әрі ашық жүргізу көзделген.
Қосымша шаралар аясында инвесторлардың құқықтарын қорғау күшейтіліп, инвестициялық омбудсмен функциясы Қазақстан Бас прокуратурасы қарауына беріледі. Сонымен қатар, ірі жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдейтін инвестициялық прокурорлар институты енгізіледі.





