Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ақшаны басқа біреуге қателесіп аударып жіберсеңіз не істеу керек?

Ақшаны басқа біреуге қателесіп аударып жіберсеңіз не істеу керек?

Кейде бұл шоттың нөмірін немесе телефон нөмірін қате теру, ал кейде ақшаны басқа адамға аударып жіберетін кездер болады. Мұндай жағдайда не істеу керек, ақшаны қайтарудың қандай жолдары бар және болашақта мұндай қателіктер жібермеудің жолдары жөнінде Fingramota.kz хабарлады

1-қадам. Дереу банкпен байланысыңыз. Егер сіз аударым жасағаннан кейін қателескеніңізді бірден білсеңіз, дереу өз банкіңізбен байланысыңыз. Кейбір жағдайларда, әсіресе, егер аударым әлі өңделіп үлгермесе, банк транзакцияны болдырмауы мүмкін.

Банкпен қалай тезірек байланысуға болады? Мобильді қосымшадағы чатты пайдаланыңыз немесе қолдау қызметіне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

Егер ақша сіздің шотыңыздан алынып, басқа шотқа аударылса, онда басқа шешім талап етіледі.

2-қадам. Алушымен байланысуға тырысыңыз. Егер сіз ақшаны кездейсоқ басқа адамға жіберген болсаңыз, оның байланыс деректерін табуға тырысыңыз (мысалы, мобильді банк немесе төлем тарихы арқылы) және тікелей хабарласыңыз. Жағдайды сыпайы түрде түсіндіріп, қаражатты қайтаруды сұраңыз.

Алушы жауап бермесе не істеу керек? Клиенттермен байланыс жасау туралы өтінішпен банктің қолдау қызметіне жазуға болады.

3-қадам. Алушының банкіне хабарласыңыз. Егер тікелей байланыс мүмкін болмаса, ақша жіберілген банкке хабарласыңыз. Қате аударымды  қайтару туралы өтініш жазыңыз. Бұл жағдайда банк алушыны сұрау салу туралы хабардар ете алады және ақшаны өз еркімен қайтаруды ұсына алады.

 Қандай деректер қажет болады? Аударым күні мен уақыты, сомасы, ақша жіберілген шот немесе карта нөмірі және қатенің сипаттамасы.

Егер алушы ақшаны қайтарудан бас тартса, онда ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз беруге болады, себебі қолданыстағы заңнамада, ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз баю» ретінде қарастырылады. Сондай-ақ, сіз ҚР Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз. Ол үшін алушы сотқа дейінгі өтінішті жіберуі, ақша аударымын растауы (банктен үзінді көшірме) және сотқа арыз беруі қажет.

Сот көп жағдайда ақшаны қайтаруға міндеттейді, бірақ бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін.

Қалай қате аударымдар жасамауға болады?

  1. Жібермес бұрын деректемелерді екі рет тексеріңіз. Әсіресе ірі соманы аударатын болсаңыз, асықпаңыз.
  2. SMS немесе биометрия арқылы растауды пайдаланыңыз. Бұл кездейсоқ төлемдер қаупін азайтады.
  3. Жеке аударымдар үшін шаблондар жасаңыз. Бұл карта нөмірлері мен шоттарда қателерді болдырмауға көмектеседі.
  4. Аударымдарға лимит қойыңыз. Көптеген банктер бір төлемнің ең жоғары мөлшерін шектеуге мүмкіндік береді.
  5. Аударым растауларын сақтаңыз. Егер даулы жағдайлар туындаса, сізде дәлелдер болады.

Егер сіз қате аударым жасасаңыз, ең бастысы – үрейге берілмеңіз. Бұл – жағымсыз, бірақ шешілетін мәселе. Тез әрекет ету маңызды: дереу банкке хабарласыңыз, алушымен байланысуға тырысыңыз және қажет болған жағдайда заңды құралдарды пайдаланыңыз.

 

Ұқсас материалдар