Ұлттық банктің дерегі бойынша, қазір Қазақстанда 80 миллионға жуық банк картасы қолданылады. Оның 60 миллионнан астамы – дебеттік карта. Бұл қандай карта? Оның қандай артықшылығы бар? Дебеттік карта қалай жұмыс істейді? Оның кредиттік картадан қандай айырмашылығы бар? Дебеттік карталардың қандай түрлері болады? Бұл туралы "Хабар24" арнасындағы қаржылық, құқықтық, цифрлық сауатқа арналған "Білген абзал" бағдарламасы жауап іздеді.
Дебеттік төлем картасы – бұл ағымдағы банк шотымен байланысты банк картасы. Оны тауарларға және көрсетілетін қызметтерге қолма-қол ақшасыз төлем жасау, банкоматтан қолма-қол ақша алу, ақша аударымы үшін пайдалануға болады. Мысалы, кәдімгі қолыңыздағы жалақы картасы.
Оны қолдану оңай. Бастапқыда оның балансы нөлге тең. Оны толықтыру үшін банкомат арқылы қолма-қол ақша енгізу керек. Басқа шоттан ақша аудару қажет немесе оған жалақы, стипендия немесе зейнетақы алуды ресімдеу керек. Дебеттік картаны негізінен қолма қол ақшасыз төлемдер үшін қолданады. Банктер дебеттік карталарды шығару және оған жылдық қызмет көрсету үшін ақы алуы мүмкін. Барлық ұйымдардың әртүрлі шарттары бар. Комиссияны есептен шығару мөлшері мен тәртібі тарифтермен анықталады.
Дебеттік карталарды кредиттік карталармен жиі шатастырады. Кредит карталары да аударымдар, төлем жасау және қолма-қол ақша алу үшін қолданылады. Дебет картасына да, кредит карталарына да кэшбэк пен басқа бонустар есептеледі. Бірақ олардың арасында үлкен айырмашылық бар. Мәселен, дебеттік картада сізге тиесілі ақша жатады. Карта иесі сатып алулар жасау үшін пайыз төлемейді, ал кейбір банктер тіпті шоттағы қалдық үшін сыйақы төлейді. Егер сіз картаны жоғалтсаңыз немесе ол алаяқтардың қолына түссе, сізде тек өз ақшаңызды жоғалту қаупі болады. Кредиттік картада жатқан ақша - банкке тиесілі. Банк қарыз алушыға белгілі бір мөлшерде кредиттік лимит ұсынады. Оның мөлшері шегінде сатып алулар жасауға болады. Кредит картасы бойынша жеңілдік кезеңі белгіленген. Егер сіз қарызды осы мерзім аяқталғанға дейін төлемесеңіз, банк пайыздарды есептейді. Төлемнің минималды сомасы белгіленген. Ақша уақытында енгізілмесе, банк төлем мерзімін өткізу үшін айыппұлды есептейді. Кредит картасы бойынша жасалынатын операциялар да кредиттік тарихқа әсер етеді. Егер зиянкестер кредит картасына қол жеткізсе, олар бүкіл кредиттік лимитті жұмсап, сізге қарызды өтеуге тура келеді.
Дебеттік карталар екі түрде шығарылады.
Біріншісі - виртуалды. Ол интернет-банкте немесе мобильді қосымшада жасалады. Басқаша аайтқанда, төлем картасының электронды нұсқасы. Негізінен, онлайн сатып алулар үшін қолданылады.
Екінші түрі – пластикалық карта. Оның физикалық тасымалдаушысы бар. Негізінен, офлайн есеп айырысу және банкомат операциялары үшін қолданылады. Картаның алдыңғы жағында иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және бірегей карта нөмірі көрсетілген. Артқы жағында CVC коды бар магниттік жолақ бар. Картаға 4 саннан тұратын коды бар пин-конверт қоса беріледі. Ол пайдаланушыны авторландыру және операцияларды растау үшін қолданылады. Кейбір банктер дебеттік карталарды овердрафтпен шығарады. Олар клиенттердің жеке қаражатын сақтайды, бірақ егер сатып алуға ақша жеткіліксіз болса, клиент белгілі бір сомаға «минусқа» кетіп, оны банктен қарызға алады.
Дебеттік картаны таңдайтын кезде бірнеше жайтты ескеру керек. Мысалы, кэшбек. Сіз төлем жасағанда, банк сізге ақшаның бір бөлігін қайтарады. Ресімдеу алдында банк қандай шығындар үшін кэшбэк есептейтінін тексерген жөн — көптеген банктерде төлемдер мен шығындар санаттары бойынша шектеулер бар, мысалы, кэшбэк тек таксиге немесе банктің серіктестік желісіндегі сатып алуларға есептеледі. Екінші ескеретін дүние – бонустар. Кейбір банктер сатып алулар үшін тек серіктестерде жұмсауға болатын бонустық балдарды есептейді. Сіз белгілі бір дүкендер мен қызметтерді пайдалансаңыз, ол сізге тиімді болады. Содан кейін, Қалдыққа есептелетін пайыздар. Егер сіз картада белгілі бір соманы сақтасаңыз, банк сізге сыйақы есептейді.
Ал енді тарифтер жайында айтар болсақ, көптеген банк қызметтері - ақылы. Картаны ашу және жылдық қызмет көрсету үшін ақы алынады. Көбінесе бірінші жылы картаны тегін пайдалануға болады, ал содан кейін белгіленген соманы төлеуге тура келеді. Банктер лимиттерді белгілейді. Мысалы, 1,5 млн теңгеге дейін ақша алу — тегін, ал егер бұдан артық соманы алу қажет болса — ақша алу сомасынан 3% ұсталуы мүмкін. Содан соң кейбір банктер аударымдар үшін ақша ұстайды. Мұның бәрі белгілі бір ұйымның шарттарына байланысты. Бірақ әдетте бір банктің ішінде аударымдар тегін, ал басқа банктен алушыға аударым жасау үшін комиссия төлеу қажет болады.
Дереккөзі: "Хабар 24" арнасы, "Білген абзал" бағдарламасы