Қаржы мәселесімен жылына 30 мыңнан астам тұтынушы шағым түсіреді – Бэлла Чиканова
Қазақстанның қаржы жүйесінің құрылымы қандай? Негізі ойыншылар кімдер? Олар бір-бірімен қарым-қатынасты қалай қалыптастырады? Ең бастысы, олардың жұмысы сіз бен біздің өмірімізге қалай әсер етеді?
Бұл жөнінде тереңірек FinPodcast жобасының қонағы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Тұтынушылар құқығын қорғау жүйесін дамыту басқармасының басшысы Бэлла Чиканова айтып берді.
– Бэлла ханым, Қазақстан нарығында қандай ойын ережелері бар? Көпшілік қандай қаржы институттары бар екенін де білгісі келеді. Әңгімені осыдан бастасақ...
– Ең алдымен ашықтық, тұрақтылық, сенімділік, жұмыс осы үш жүйеге негізделеді. Бұл қаржы нарығында мақсатқа жетуге ықпал етеді. Қаржы нарығындағы инстиуттарға келсек, олар – банктер, сақтандыру компаниялары, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, кредиттік серіктес ұйымдары, коллекторлық агенттіктер. Одан бөлек қор нарығында жұмыс істейтін брокерлер мен дилерлерді қосуға болады. Мұның бәрі қаржы нарығында жұмыс істеу арқылы ел тұрғындарына, заңды және жеке тұлғаларға қызмет ұсынады. Біз олардың жұмысының ашық, заңды түрде жүргізілуін қадағалаймыз, реттейміз.
– Бұл процестің әрқайсымыздың өмірімізге тікелей болмаса да, жанама әсері бар. Мәселен, кез келген азамат ипотека рәсімдегісі келіп, банкке өтінім береді, түрлі құжатқа қол қояды. Егер банк мақұлдаса, баспанаға қол жеткізеді. Осы ауқымды жұмыстың артында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қандай үлесі немесе қызметі бар?
– Тұтынушыға банк қызметкері ипотекалық өнім туралы талаптарға сай қандай мәлімет беру керек екенін қадағалаймыз. Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесі, ұсталатын комиссия туралы ақпарат айтылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тұтынушының барлық сұрағына толыққанды жауап берілуі керек. Содан кейін тұтынушының төлем қабілеттілігін бағалау талабы бар, ол бойынша берілетін қарыз бойынша ай сайынғы төлем мөлшері қарыз алушының табысының 50 пайызынан аспауы қажет. Сондай-ақ сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеулер бар, яғни жылдық сыйақы көрсеткіші ипотекалық қарыз үшін 25 пайыздан аспауы қажет, басқа тұтынушылық несиеге 46 пайыздан көп қоюға болмайды.
– Демек, қаржы, банк ұйымдары мен сақтандыру компанияларының жұмысы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тікелей бақылауында. Агенттік тұтынушы мен қаржы инстиуттары арасындағы ашықтықтың, тәртіптің болуын, заңның сақталуын мұқият қадағалайды дейсіз ғой.
– Басты мақсаттың бірі – тұтынушының заңды құқығын қорғау. Біз осы жағына барынша көңіл бөлеміз. Бұл жұмыс мониторинг ретінде жүргізіледі. Яғни, тұтынушылар агенттікке арыз-өтінішін жазуы мүмкін. Мәселен, тұтынушының қызмет көрсету кезінде құқығы бұзылса, біз бір клиенттің ғана мәселесін қарап қоймай, келешекте мұндай қателік қайталанбас үшін талаптарды қоя аламыз. Белгілі бір мөлшерде айыппұл да салуға құқымыз да, құзыретіміз де бар.
– Осы жерде тарихқа шегініс жасасақ. 2020 жылы президенттің жарлығымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылды. Оған дейін реттеушілік қызметті Ұлттық банк атқарып келді. Осы екі құрылымның қызметін жеке-жеке талдап берсек.
– 2020 жылы бөлініп шықтық. 4 жыл көп уақыт емес. Ұлттық банк макро түріндегі барлық процестерге қатысатын ықпалды ұйым. Мұнымен қоса валюталық нарықты бағамдайды, ақша-несиелік саясатын, базалық мөлшерлемені белгілейді. Ал агенттік ішкі нарыққа жауапты. Яғни, әлгінде айтып өткен банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компанияларына талап қойып, қалай жұмыс істеу керектігін қадағалайды.
– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің негізгі төрт қызметіне тоқталып өтсеңіз.
– Қаржы нарығындағы тұтынушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығының тұрақтылығын қадағалау, қаржы нарығын реттеу және дамыту. Соның ішінде тұтынушылардың құқығын қорғау міндетіне тоқталсақ, тұтынушылармен жұмыс істейтін департамент бар. Еліміздің аймақтарында өңірлік басқармалар жұмыс істейді. Оған кез келген тұтынушы арызын қағаз жүзінде де, онлайн арқылы да жазып, жүгінсе болады. FinGramota.kz сайтымызда керекті ақпараттың бәрі қамтылған. Одан бөлек әлеуметтік желідегі парақшаларымызға сұрақтарын қоя алады. Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің тағы бір бағыты – қаржылық сауаттылықты арттыру. Атап айтсақ 2020 жылы қаржылық сауаттылық көрсеткіші – 36,25 пайыз болса, қазір 41,2 пайызға жетті. Әлем бойынша мұндай көрсеткіш 40 пайызды ғана құрайды.
– Жыл басынан бері қанша адам шағым түсірді?
– Жыл сайын бізге шамамен 30 мыңнан астам тұтынушы әртүрлі сұрақпен арыз-шағымын жолдайды. Әсіресе, банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары мен коллекторлық агенттіктері қызметіне көңілі толмайтын тұтынушы көп. Бірақ шағымның 80 пайыздан астамы банк қызметіне қатысты. Кез келген азамат берешегін төлей алмай қалса, банкке жүгініп, ұсынысын бере алады. Мәселен, аяқасты жұмысынан айрылып қалса, төлемді шегеруге, несиені реттеуге құқығы бар. Егер банк бұған келіспей, пайызын төмендетіп, мерзімін ұлғайтамын десе және бұл ұсыныс сізге тиімсіз болса, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз. Ал біз өз тарапымыздан банктің не үшін бас тартқаны жөнінде тексеріс жүргіземіз. Сонымен қатар 21 желтоқсаннан бастап банктік омбудсманның құзыреті кеңейеді. Енді тек ипотекалық қарыздарды ғана емес, басқа да несиелер бойынша туындаған мәселені қарастырады. Яғни, осындай арызбен банктік омбудсманға барсаңыз болады. Одан бөлек микроқаржылық омбудсман институты да жұмыс істей бастайды, ол микрокредит шарты бойынша дауларды қарайды.
Сұхбаттың толық нұсқасын FinGramota Youtube арнасынан көре аласыздар.