Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлағандай, ұсынылған тетік үйлестірілген ведомствоаралық өзара іс-қимылды көздейді, халықаралық тәжірибеге сәйкес келтірілді және ЕО, АҚШ және Ұлыбританияны қоса алғанда, жетекші қаржы реттеушілерінің көпшілігі енгізді.
Реттеу тетігі дағдарысқа қарсы үш режимнен тұрады: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банкті реттеу. Режимдер арасындағы ауысу алдын ала белгіленген триггерлер бойынша жүзеге асырылады, бұл реттеушінің уақтылы әрекет етуін және әрекеттерінің болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Банктердің қаржылық жағдайының нашарлауын болдырмау үшін жаңа құралдар – қалпына келтіру жоспарлары мен реттеу жоспарлары енгізілуде. Құжаттар банкті дағдарыс жағдайынан шығару және төлем қабілетсіздігінің алдын алу бойынша нақты шараларды айқындайды. Жоспарларды әзірлеу және жыл сайынғы жаңарту банктердің де, реттеушінің де міндеті болып табылады.
«Банк төлемге қабілетсіз деп танылған жағдайда, оның қызмет етуін реттеу мен бағалаудың нақты рәсімі белгіленеді. Жүйелік емес банктер үшін банкті жаңа инвесторға сату, активтер мен міндеттемелерді, оның ішінде тұрақтандыру банкіне беру, сондай-ақ міндеттемелерді капиталға айырбастау құралдары көзделген. Бұдан басқа, жүйелік маңызы бар банктер үшін олардың міндеттемелері есебінен шығындарды игерудің жаңа тетігі көзделеді», – деп атап өтті агенттік басшысы.
Жүйелік маңызы бар банкті реттеу кезінде бірінші кезекте акционерлік капитал есептен шығарылады, яғни банк акционері банкке иелік етуді толығымен жоғалтады. Одан кейін аталған тетік шеңберінде басқа кредиторлардың барлық міндеттемелері есептен шығарылады. Бұл шаралар қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру үшін әлі де жеткіліксіз болса, мемлекеттің капиталға кіру мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы шешімді Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңес банктің қаржылық тұрақтылыққа әсерін, сондай-ақ халық пен бизнес салымдарының сақталу қажеттілігін ескере отырып қабылдайды.
«Мемлекеттің қатысуы уақытша, өтеулі және көлемі бойынша шектеулі болады. Банк акционерлері мен басшылығын ауыстыру, дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салу, тәуекелді операцияларды шектеу және қаржылық қалпына келтіру жоспарын іске асыру сияқты талаптар қойылады. Қаржылық орнықтылық қалпына келгеннен кейін банк жаңа инвесторға сатылады, ал салынған мемлекеттік қаражат бюджетке қайтарылады», – деп нақтылады Мәдина Әбілқасымова.Мемлекетте шығындар туындаған жағдайда, оларды өтеу банк саласы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл әділ және тепе-тең жауапкершілік қағидатын көрсетеді, оған сәйкес банк жүйесін тұрақтандыруға жұмсалатын шығыстар мемлекеттік бюджет пен салық төлеушілерге емес, нарыққа қатысушыларға жүктеледі.
Банктер туралы жаңа заң банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады.





