Мамандардың айтуынша, бұл әдіс кибершабуылдар мен конфиденциалды деректерді ұрлаудың ең қауіпті құралдарының біріне айналып отыр.
Дипфейк – жасанды интеллект көмегімен өңделген немесе толықтай жасалған фото, бейне және аудио жазбалар. Аталған технология адамның бет-әлпетін, дауысын, мимикасын шынайы етіп көшіруге, тіпті ол ешқашан айтпаған сөздерді «айтқызуға» мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кейбір сервистер бір ғана сурет немесе бірнеше секундтық дауыс жазбасы арқылы жалған бейне немесе аудио жасай алады.
Алаяқтар дипфейкті пайдалану арқылы бөтен адамның бейнесін қолдан жасап, банктік шоттарға қол жеткізуі, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыруы немесе жалған кредиттер рәсімдеуі мүмкін. Сонымен қатар, алаяқтар қайтыс болған адамдардың деректерін пайдаланып, оларды «тірілткендей» етіп көрсетіп, банктік онлайн-қызметтерге қол жеткізу жағдайлары да кездесуде.
Мамандар дипфейкті ажырату үшін бірқатар белгілерге назар аударуға кеңес береді. Атап айтқанда, адамның көзінің біртүрлі жыпылықтауы, бейненің кенет жоғалып кетуі, қисынсыз сөйлемдер, кекештену немесе роботқа ұқсас сөйлеу – күмән тудыруы тиіс. Егер танысыңыз немесе жақын адамыңыз қоңырау шалып, шұғыл түрде ақша аударуды сұраса, әңгімені тоқтатып, оған өзіңіз қайта хабарласқаныңыз жөн.
Сарапшылардың пікірінше, дипфейкті қолданатын киберқылмыскерлермен күрестің негізгі жолы – азаматтардың осындай алаяқтық схемалар туралы хабардарлығын арттыру және цифрлық гигиенаны сақтау. Сондай-ақ фото және бейнематериалдардың шынайылығын тексеруге арналған арнайы онлайн-сервистерді пайдалану ұсынылады.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларының киберқауіпсіздігін күшейту бағытында тұрақты шаралар қабылдап келеді. Қазіргі таңда қаржы ұйымдары қашықтан қызмет көрсету барысында биометрияны міндетті түрде пайдалана отырып, екі факторлы аутентификацияны қолдануға міндеттелген.
Мамандар азаматтарды жоғары табысқа кепілдік беретін инвестициялық ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Мұндай «жарнамаларда» жиі танымал тұлғалардың суреттері пайдаланылып, жалған сайттар арқылы жеке деректер мен ақша жинау көзделеді. Еске сала кетейік, кепілді пайдаға уәде беретін ұсыныстардың басым бөлігі – алаяқтықтың белгісі.





