Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі тұрақты болжаммен Kcell-дің «BB+» деңгейіндегі кредиттік рейтингін растады.
Сарапшылардың есебіне сәйкес, Kcell кредиттік рейтингінің ағымдағы деңгейі («ВВ +», болжамы «Тұрақты») компанияның мобильді байланыс нарығындағы мықты позицияларына, берешектің салыстырмалы төмен деңгейіне және «Қазақтелеком» АҚ бас компаниясымен елеулі стратегиялық байланыстарға негізделген.
Сарапшылардың айтуынша, 4G инфрақұрылымының белсенді дамуы және 5G желісінің құрылысы күрделі шығындардың өсуіне және қомақты капиталға қажеттілікке әкеп тірейді. Бұл компанияның борыштық жүктемесінің ұлғаюына әсер етеді. Алайда таза берешектің EBITDA-ға қатынасы 1,4 деңгейінде қалыптасып, сенімді қаржылық резервті көрсетіп отыр. Сарапшылардың 2025-2027 жылдары инвестициялардың әрі қарай өсуі туралы болжамын ескерсек, Kcell-дің қарыз коэффициенті артса да, рейтингтің ағымдағы деңгейі үшін рұқсат етілген шекте қалады.
«Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің Kcell кредиттік рейтингінің ағымдағы деңгейін растауын біз жағымды жаңалық деп есептейміз, өйткені біз үшін қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі басым болып табылады. 2024 жылдың үшінші тоқсанында «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығының және «Қазақтелеком» АҚ-ның бақылаушы акционерінің қолдауымен біз кредиттік портфельді жақсарту бойынша көлемді жұмыс жүргіздік, қазіргі уақытта компанияның барлық міндеттемелері теңгемен көрсетілген (яғни міндеттемелер бойынша валюталық тәуекел алынып тасталды), ең төменгі пайыздық ставкалары 15,25%-ден аспайды. Жалпы сомасы 45 миллиард теңге болатын облигациялардың соңғы екі шығарылымын біз 14,75% ставкасымен орналастырдық, тартылған қаражатты неғұрлым қымбат қарыздарды қайта қаржыландыруға бағыттадық, бұған да Fitch Ratings сарапшылары оң баға берді», – деп атап өтті «Кселл» АҚ Бас қаржы директоры Сабиғат Рахметов.
Кселлдің нарықтағы үлесі 2024 жылдың 3-тоқсанында шамамен 30%-ды құрады. Осылайша, компания Қазақстандағы екінші ірі ұялы байланыс операторы болып қала береді. Желіні жаңғыртуға және 2022 жылы тиісті спектрді сатып алғаннан кейін 5G желісін орналастыруға арналған ірі инвестициялар компанияның нарықтық позицияларын бұдан әрі нығайтуы тиіс.
«2022 жылдың соңында біз мобильді операторлар консорциумының құрамында радиожиілік аукционында жеңіске жеттік және соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда 5G желісін белсенді өрістетудеміз. Бұл бізге миллионға жуық қазақстандықты жаңа технология бойынша телекоммуникациялық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда халықтың 45% -ы 5G технологиясымен қамтылған. Бұдан басқа, біз қолданыстағы желіні жаңарту мен дамытумен, сондай-ақ клиенттерімізге сапалы қызмет көрсету үшін желі жабынын кеңейту және жақсарту мақсатында 4G базалық станцияларын салумен белсенді айналысудамыз. Осы ретте қазақстанның батыс өңіріндегі ауқымды жұмыстың нәтижелерін ерекше атап өткен жөн, мұнда Кселл желілерінде деректерді беру жылдамдығының 20-60%-ға өсуі тіркелген. Біз Орал, Ақтөбе және Атырау қалаларындағы абоненттеріміздің жаңартылған желі мен жоғары жылдамдықтың артықшылықтарын белсенді пайдаланып жатқанын көріп отырмыз. Сондай-ақ, 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша компанияның кірісі 180 миллиард теңгені құрағанын атап өткім келеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9% - ға артық. Бұл тұтынушылар базасының өсуін, сатылымның артуын және табысты маркетингтік стратегияларды көрсетеді», – деді «Кселл» АҚ Бас атқарушы директоры, Басқарма төрағасы Асқар Жамбакин.
Fitch Ratings «Қазақтелеком» АҚ-ның «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-дегі үлесін сату мәмілесі аяқталғаннан кейін нарықтағы бәсекелестіктің күшейетіндігін болжайды. Алайда, мобильді операторлар бұрыннан тәуелсіз жұмыс істеп келгенін атап өтіп, Kcell-дің мобильді және орнықты байланыс бойынша бірлескен ұсыныстарын белсенді ұсынудан ұтатынын атап көрсетеді. Оның үстіне, сарапшылар мобильді сегменттің «Қазақтелеком» АҚ бас компаниясы өсімінің негізгі драйверлерінің бірі болады деп есептейді.
Fitch Ratings ұқсас компаниялармен салыстырмалы талдау жүргізе отырып, Kcell-дің мобильді байланыс нарығындағы тұрақты позицияларын, төмен қарыз жүктемесін және инвестициялық цикл шыңының сыртындағы тұрақты ақша ағындарын атап өтеді. Мысалы, Turkcell Iletisim Hizmetleri A.S. (Tcell; «BB-»/Тұрақты) және Telefonica Deutschland Holding AG (TEF DE; «BBB»/Тұрақты) секілді ұқсас компаниялармен салыстыру кезінде Kcell-дің операциялық ортасы тұрақтырақ және валюталық тәуекелдерге ұшырамайтыны атап көрсетілген.
«2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша "Halyk Finance" АҚ зерттеу орталығының сарапшылары 2024 жылдың 20 қарашасында «Кселл» АҚ акциялары бойынша кезекті есеп шығарғанын атап өткім келеді, онда біздің компанияның акциялары бойынша 1 жай акция үшін 2234 теңге нысаналы бағамен «сату» бойынша бұрын берілген ұсынымды кері қайтарып алды. Шынында да, Кселл акцияларының ағымдағы бағасы сарапшылар белгілеген мақсатты деңгейден едәуір асып түседі. KASE сауда-саттығына сәйкес Кселл акцияларының нарықтық құны 22.11.2024 күннің соңында 3469,9 теңгені құрады. «Halyk Finance» АҚ акцияларды бағалау моделін жаңартқаннан кейін нысаналы бағаны қайта қарауға қойғанын және жаңа нысаналы бағаны көрсете отырып, қосымша есеп шығаратынын хабарлады. Бұл Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің «Кселл» АҚ-ның кредиттік рейтингін растауымен бірге компанияның сенімділігін және сарапшылардың «Кселлдің» тұрақты дамуына деген сенімділігін растайды», – деп толықтырды «Кселл» АҚ Бас қаржы директоры Сабиғат Рахметов.