Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Sincere Systems Group LTD» («S-Group») қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметіне сәйкес, «S-Group» өзін Ұлыбританияда тіркелген инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығындағы сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда қызметтерін ұсынған. Компания салымшыларға ай сайын 15–20%, ал жылына 120–180% көлемінде жоғары табыс уәде еткен.
Инвестициялық қызметтің заңды түрде жүргізіліп жатқандай әсер қалдыру үшін қатысушыларға компания сайты арқылы жеке кабинетке қолжетімділік берілген. Онда виртуалды депозиттер мен «табыстың өсуі» көрсетілгенімен, іс жүзінде салымшылардың қаражаты инвестицияланбаған. Ақша күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Алдын ала есеп бойынша, келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 136 млн теңгеден асады.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер елордада екі пәтер мен екі автокөлік сатып алып, оларды ықтимал тәркілеуден жасыру үшін үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Күдіктілерге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.





